қазақша · русский · english
 
 
 
29.01.2024

«YANG LAIN» брендінің негізін қалаушысы Адиля Ботабаевамен кездесу


Дизайнер, модельер, Қазақстандағы алғашқы трансформер «YANG LAIN» брендінің негізін қалаушысы, Kazakhstan Fashion Week Ұлттық сән апталығының тұрақты қатысушысы Адиля Ботабаевамен кездесу өтті.

 

«Саналы сән» тақырыбының аясында өткен кездесуді Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты департаменті ұйымдастырды.

 

16 жасынан бастап киім дизайнына қызығып, осы жолда өзін дамытып, шетелдік тәжірибе жинап, жаңашыл көзқарастарымен халықты тамсандырып жүрген Адиля Ботабаеваның сөзінше, ол сән әлеміне бала кезден құштар болған.

 

«Өнер саласына қызығушылығым болды, икемім де бар еді. Өнер мектептерінің бірнешеуін тәмамдадым. Бос уақытымда сурет салумен айналысатынмын. Архитектор не суретші боламын деп жоспарладым. Алайда содан соң маған киім тігу ұнай бастады. Киім тігумен қоса суретшілікті де бірге алып жүретін мамандыққа назарым ауды. Яғни бұл - fashion дизайнерлік. Ата-анам мені қолдады, шетелге оқуға жіберді. Сегіз жылда өзімді жетілдіріп, Малайзияда оқып келдім. Одан бөлек, Италияда магистратураны тәмамдадым. Қазақстанға оралған уақытым пандемиямен тұспа-тұс келді. Қазақстан сән апталығы жыл сайын ұйымдастыратын «New Generation Open Way 2020» байқауы туралы естіп, қатыспаққа бел будым. «Көрермен сүйіспеншілігі» марапатын ұтып алдым. Содан бастап Қазақстандағы мансабым басталды деуге болады», - дейді сәнгер мансабы жайлы.

 

Бүгінде дизайнер - London Fashion Week, Singapore Fashion Week, Kuala Lumpur Fashion Week сән апталығының қатысушысы. Малайзияның үздік 50 дизайнерінің тізіміне, онымен қоса, Adidas x Woolmark ұсынған инновациялық дизайнерлердің үздік ондығына кіреді.

 

Кездесу барысында Қазақстандағы сән индустриясының қалай жұмыс жасап жатқандығын, онда өз орныңды қалай табуға болатынын, сән әлемінде өз бизнесіңді қалай ашу керектігі туралы ойларымен бөлісті. Ал студенттер тарапынан сән әлеміне қатысты сұрақтар қойылып, жауап берілді. Кездесуден кейін шара қатысушылары әсерлерімен бөлісті.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты департаменті




Кері оралу