қазақша · русский · english
 
 
 
26.05.2017

 

«ҰЛЫ ДАЛА ҰЛАҒАТЫ» АТТЫ ТАНЫМДЫҚ ДӘРІС


 

             2017 жылдың 18 мамыр күні университетіміздің Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Ақ Отау» отбасы мәдениеті интеллектуалдық мектебінің, білім саласы бағдарламалары мен жобаларының авторы, Ғ.Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты Рамазан Жәшиұлы Бейісқалитегімен танымдық кездесу кеші өткізілді.

        Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани  жаңғыру» атты стратегиялық мақаласында көрініс тапқан «Ұлттық тәрбие» идеясын өскелең ұрпақ санасына сіңіріп, бағыт-бағдар беруді  мақсат еткен танымдық кешке университетіміздің студенттері қатысып, отбасылық тәрбие мен отбасында жақсы қарым-қатынас құрудың маңыздылығы жөнінде жан-жақты ақпарат алды.

           Шараны Тәрбие ісі жөніндегі проректор, профессор Жанатбек Ешенқожаұлы Ішпекбаев ашып, еліміздегі тәрбие беру жүйесі ұлттық құндылықтар негізінде құрылуының маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, Жанатбек Ешенқожаұлы «Ұлттық тәрбие» ұғымының астарында ұрпақтан-ұрпаққа жеткен асыл қазынамыз Ұлы даламызға, тілімізге, дінімізге деген құрмет пен отбасылық құндылықтарды сақтау жатқанын егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.

         Танымдық кешіміздің құрметті қонағы Рамазан Жәшиұлы «Ғаламторға тәуелділік артқан қоғамда жастарға ұлттық тәрбие беру керек» деген қағиданы ұстана отырып, қазіргі таңда елімізде орын алып отырған көптеген көкейкесті мәселелерді атап өтіп,  одан құтылудың бірден-бір жолы ұлттық құндылықтар мен сан ғасырлар бойы өшпес мұра болып келе жатқан асыл мұрамыз - ұлттық тәрбиеде екендігін баса айтты. Кеш қонағы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының стратегиялық мақаласының басым бағыттарының бірі «Ұлы Дала» ұғымын жастардың танымына сай жеңіл тілмен түсіндіре білді.

      Сонымен қатар, Рамазан Жәшиұлы отбасылық өмірге қадам басқан жас ұрпақтың үздіксіз дамып-жетілуіне тұлғалық бастау болатын, терең мәнге ие  «Ақ отау» отбасын құруға дайындық курсы» атты авторлық жобасын студенттер назарына  ұсынды. Бейнекөрсетілім, тәлімдік әңгімелер, жастардың отбасылық білігі мен білімін тексеретін тест жиынтығынан және ойын элементтерінен құралған жобаны жастардың кәсіби білікті маман ғана емес, жан-жақты азамат болып қалыптасуына негіз бола алатын нұсқаулық деп те атауға болады.

         Ойын әрі сұрақ-жауап түрінде өткен танымдық дәріс студенттердің көңілінен шығып, Р.Ж. Бейісқалитегі кеш соңында сұрақтарға жылдам әрі ұтымды жауап қайтарған студенттерге өзінің авторлық жобасының дискілерін сыйға тарту етті. 

           Университетіміздің ғылыми кітапханасы қолданысындағы 10 компьютерге өзінің авторлық жобасын тегін орнатып берді. 

 

 

Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және
жастар саясаты басқармасы




Кері оралу