қазақша · русский · english
 
 
 
04.05.2017

«БІР ҮЙДІҢ БАЛАСЫНДАЙ» АТТЫ ТАНЫМДЫҚ САЙЫС

        Ежелден бауырмал, қайырымды қазақ халқы тағдыр-тәлкегіне ұшырап, әлемнің әр тарапынан келген ұлттарды жатсынбай, бауырына тартып, оларды туған-туыстарындай жақсы көрді. Сондықтан, қазір Қазақстан көпұлтты мемлекет атанып отыр.
           Қазақстан халқының бірлігі күніне орай 2017 жылдың 27 сәуірі күні «Экспо-2017» халықаралық көрмесін қолдауға арналған «Жастар. Шығармашылық. Инновация» тақырыбындағы студенттік көктем фестивалі аясында университетішілік «Бір үйдің баласындай» атты танымдық сайыс өткізілді.
           Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесі қарсаңында өткізілген сайысты университетіміздің Тәрбие ісі жөніндегі проректоры Жанатбек Ешенқожаұлы Ішпекбаев ашып, Қазақстан атты шаңырақты тік көтеріп тұрған уықтары елімізді мекендеген ұлттар екендігін, шаңырағымыз шайқалмауы үшін уықтарымыздың бірлігі бекем болуы керектігін тілге тиек етті. Одан әрі университет жастарының игі бастамасына сәттілік тілеп, сайысты ашық деп жариялады.
           Сайыс ойындарын «Жарасым» Қазақстан жастары бірлестігінің өкілі Есениязов Айтбек төрғалық еткен қазылар алқасы бағалап отырды.
           Үш кезеңнен тұрған бұл сайыстың алғашқы екі кезеңінде Филология және көптілді білім беру институты өзбек ұлтының, Жаратылыстану және гегорафия институты түрік ұлтының, Педагогика және психология институты үнді ұлтының, Физика, математика және информатика институты кәріс ұлтының, Сорбонна-Қазақстан институты француз ұлтының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен ұлттық тағамдарын, мәдениетін таныстырды. Ал үшінші кезеңде қатысушы командалардың жанкүйерлері өнер көрсетіп, сынға түсті.
        Сайыс қорытындысы бойынша Филология және көптілді білім беру институты жеңіс тұғырынан көрініп, I орынды иеленсе Педагогика және психология институтының командасы ІІ орынға, ал Жаратылыстану және гегорафия институты ІІІ орынға орналасты.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және
жастар саясаты басқармасы


 




Кері оралу