қазақша · русский · english
 
 
 
18.04.2017

«КҮЙ ӨНЕРІ ЖӘНЕ ТӘРБИЕ» АТТЫ ДӘРІС-КОНЦЕРТ

        2014 жылдың 26 қарашада ЮНЕСКО-ның адамзаттық материалдық емес мұрасының тізіміне қазақтың дәстүрлі домбырасымен орындалатын күйлерін орындау өнері енді. Күй - қазақ халқының басты рухани байлығының, жан-дүниесінің ең бір киелі, қасиетті түрі. Күй арқылы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, қайғы-мұңын, шаттық көңіл-күйін сезігу, білуге болады.
          2017 жылдың 12 сәуірі күні Құрманғазының 210 жылдығына, «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына орай Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор Ерболат Мұстафаның «Күй өнері және тәрбие» атты дәріс-концерті өтті.
        Дәріс-концертте күйші-композитор Ерболат Мұстафа өскелең ұрпаққа күй өнерінің маңыздылығы туралы көптеген деректер келтіріп, мазмұнды ойларын ортаға салды. Одан әрі ол атақты Сейтек, Құрманғазы, Дәулеткерейдің күйлерін ерекше шабытпен орындап, тыңдармандардың көңілдеріне шаттық сыйлады.
         Дәріс-концертке Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі, Отырар сазы оркестрінің музыканттары және мектеп оқушылары қатысты.
          Бұндай шаралар жастардың ұлттық сана-сезімін оятып, өз халқының әдеби, тарихи-мәдени мұраларын білуге, құрметтеуге тәрбиелеп, көркемдік мәдениетін арттырады.

 

 

Тәрбие, әлеуметтік және жастар
саясаты жөніндегі басқарма

 




Кері оралу