Негізгі бет
Жаңалықтар
23.05.2022 «Саяси процестің жаһандық мәселелері» конференциясы
2022 жылғы 23 мамырда Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Саяси процестің жаһандық мәселелері» конференциясы өтті. Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп, Динар Нөкетаева, ректор Дархан Біләлов, «Аманат» партиясының өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы және жастар істері жөніндегі басқарма/студенттік өзін-өзі басқару органдарының төрағалары, белсенді студенттер қатысты.
Мақсаты - Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Заңының жобасымен таныстыру, алдағы референдумға қатысу бойынша азаматтық ұстанымды қалыптастыру.
Дархан Біләлов ел экономикасын нығайтуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа міндеттер жүктелген мемлекеттілігіміздің дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымызды, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел болашағы үшін өте маңызды қадам жасағанын атап өтіп, саяси реформалардың қажеттігі туралы айтты. «Негізгі заң Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының мүдделерін ескеруі тиіс. Референдум - Жаңа Қазақстанды құру жолындағы алғашқы нақты әрі батыл қадам. Бұл қадамдарды жүзеге асыру үшін әрбір қазақстандық ел дамуына өз үлесін қосуы керек», - деді ректор.
Кездесу барысында спикерлер ҚР Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы егжей-тегжейлі айтып, еліміздің қолданыстағы Конституциясына ұсынылатын түзетулер демократияны нығайтуға, заңның үстемдігіне бағытталғанын атап өтті. Референдум жаңа Қазақстанды құрудың нақты қадамы екені, саяси реформалардың негізгі тетігі - Президент алға қойған конституциялық өзгерістерді халықтың қолдауы, әрбір қазақстандықтың еліміздің дамуына үлес қосуы керектігі айтылды.
Нұртөре Жүсіп мұның жаңа Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне айтарлықтай серпін беретінін, өйткені өзгерістерде халықтың үніне құлақ асатын, халықтың ой-пікірімен санасатын мемлекет негіздері ескерілгендігін атап өтті. Депутаттың айтуынша, Конституцияның құндылығы - әділдік, тәртіп, бірлік және азаматтардың әл-ауқатын арттыру.
Динар Нөкетаева реформалардың ел тұрғындарының сұранысына және уақыт талабына сай екенін атап өтті. Депутат білім және ғылым саласындағы өзгерістер, педагог мәртебесін арттыру бойынша мемлекет жүргізіп жатқан шаралар туралы айтып, жас ұстаздарға қолдау көрсету мүмкіндіктерін дамыту арқылы ауыл мектептерін кадрлармен қамтамасыз ету және жас ғалымдарға қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары референдумның мақсаттарын нақты түсіндіріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
|