қазақша · русский · english
 
 
 
06.11.2016

«Мәңгілік ел» идеясының тарихи негіздері Тарих және құқық институтының тарихшылар қауымының толғанысында талқыланды

Ағымдағы жылдың қазанның 28-і күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Тарих институты «Әлем тарихы» кафедрасы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бастамасымен  «Мәңгілік ел» идеясының тарихи негіздері» тақырыбында тікелей онлайн-конференциясын ұйымдастырды. 

Университеттің басты ғимаратындағы «Мәңгілік ел» аудиториясында заманауи үлгісімен жабдықталған ақпараттық технологияның көмегімен  ұлттық ЖОО.-ның ғалымдары мен магистранттары ғаламтор арқылы келелі мәселені ғылыми-танымдық пікір-алмасу форматында талқылады.

Алғашқы сөзді Тарих және құқық институтының директоры, т.ғ.к., проф. Болат Сағидоллаұлы Жұмағұлов, «Мәңгілік ел» идеясының халықтың саяси және тарихи философиясын зерделеудің кілті ретінде ұрпақтың тарихи сабақтастығымен, олардың байланысындағы жалпыұлттық идеяны анықтаудың түпқазығы болып табылатындығын жеткізе отырып, екі университет тарапынан  аталған мәселелерді кеңінен талқылауға шақырды.

Сонымен қатар, аталған институттың Әлем тарихы кафедрасы меңгерушісі, т.ғ.д., проф. Мереке Көкеқызы Төлекова, ұлттық идеяның тарихи өміршеңдігін ежелгі түркі дәуірінен бастауын алатынын, оның фундаменттік негіздерімен алғы-шарттарына жете ғылыми көзқарасын бере отырып, ғылыми-оқытушылық құрамның оқыту курстарында ерекше көңіл аударылып келе жатқандығын айтып өтті.

Жалпы қызықты әрі жоғары деңгейдегі түйінді пікірлерімен университет ғалымдары - т.ғ.д., проф. Ханзада Сүтеева «Мәңгілік елге» жетелейтін реформалардың маңыздылығын тарихи негіздермен дәлелдесе, әріптестері проф. Әзімбай Ғали геосаяси аспектілері мен сыртқы қатынастарға талдау жасады. Ал, т.ғ.к., доцент Ғани Меңлібаев түркі дәуірлерінен бастау алатын идеяның айқындығын, ордалық жүйемен өмір сүрген көшпелі халықтың арман-мұраттарының жалғастығы екендігіне жете назар аударта түйіндеді.

Аталған пікір-алмасу барысында ғалымдардың ашық талқылауларына институттың магистранттары да атсалысты. Әсіресе, аймақтану мамандығынан  Мақсат Жақау мен Шолпан Мұсалимдер, «Мәңгілік ел» идеясының заңды иелері жастар екендігін, идеяның қоғамдық-танымдық жұмыстарының жастар арасында барынша түсінікті насихатталуы жөнінен іс-шараларын жүргізуді, жас ғалымдардың осы мәселеге көптеп тартылуын, студенттік арнайы орталарды қалыптастыру қажеттілігін баса айтты.

Ал, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарапынан Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушылары т.ғ.д. Сайлан Болат, т.ғ.к., доценті Сабырхан Смағұлов, доцент м.а. Майданалі Зере, Нәзия Айтбайқызы Тасилова, Сауле Кәрібайқызы Үдербаева және магистрант Ниязбек Мирас конференция барысында кезек-кезегімен сөз алып, өз ойларын ортаға салды.

Қорыта келе, сөйлеушілер осындай еркін пікірлесудің арқасында тарихи тағылымдарды айта отырып, жастарды білім мен жауапкершілікке үздіксіз тәрбиелей беру еліміздің баянды келешегінің көзі екендігін, әрбір жылдық тоқсанында онлайн-отырыстарды өткізіп тұрудың тек өнімді жұмыстың көрінісі болатындығымен аяқтады. 

Тарих және құқық институтының ұжымы!




Кері оралу