«Мисс ЖГИ - 2019»
8 сәуірде №5 оқу ғимаратының акт залында Жаратылыстану және география институтының Студенттік өзін-өзі басқару ұйымының ұйымдастыруымен «Мисс ЖГИ-2019» сұлулық байқауы болып өтті.
Кештің алғы сөзін институт директоры Күләш Каймулдинова ала отырып, жыл бойы белсенділігімен танылған студенттерді, белсенді топтар мен оқу озаттарын «Алғыс хаттармен» марапаттады. Байқауға ақылына көркі сай жеті ару қатысты. Ару қыздарға әділ бағасын берген қазылар алқасы Қазақстан жазушылар одағының мүшелері: Ақыш Нұрдаулет, Болат Шарахынбай, Қастер Сарқытқан, «Ана тілі» газетінің бөлім редакторы Дина Иманбаева және Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Дидарбек Ділдәбек. Сонымен қатар, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ректорының жастар ісі жөніндегі кеңесшісі Мақсат Жақау және Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департамент директоры Ескендір Құрмашев кешіміздің төрінен орын алды.
Байқау барысында институтымыздың өнерлі студенттерімен қатар Өнер, мәдениет және спорт институтынан өнерлі студенттер келіп, әнмен шашу шашты. Кеште лотерея ойындары ойнатылды. Байқау соңында директордың тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары Нұрлан Манапов сөз алып, сұлулық байқауының өтуіне атсалысқан белсенді студенттерге және Студенттік өзін-өзі басқару ұйымына алғысын білдіріп, жеңімпаздарды марапаттады.
«Мисс ЖГИ - 2019» сұлулық байқауының қорытындысы бойынша: «Көрермен көзайымы» номинациясын Ақмарал Баисова, «Қылықты ару» номинациясын Дана Айтжанова, «Өнерлі ару» номинациясын Назерке Баубекқызы, «Мисс Инстаграм», «Ең үздік клип» номинацияларын және ІІІ орынды Мадина Сабетбек, ІІ орынды Алтынай Оразбекова, І орынды Айгерім Ибаділдаева жеңіп алды. Гүлзат Қасенғазы «Мисс ЖГИ - 2019» сұлулық байқауының Гран-при иегері атанды.