қазақша · русский · english
 
 
 
13.04.2018

«Мемлекеттік тілді «Рухани жаңғыру» тұрғысынан дамыту» дөңгелек үстелі өтті

 

2018 жылдың 11 сәуірінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Филология және көптілді білім беру институтының қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасының ұйымдастыруымен филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттану академиясының академигі Бақытжан Хасановтың 80 жылдық мерейтойын атап өту мақсатында «Мемлекеттік тілді «Рухани жаңғыру» тұрғысынан дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.


Дөңгелек үстелге Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің және кафедраның профессор-оқытушылар құрамы мен тыңдаушылар қатысты.

 

Дөңгелек үстелді Филология және көптілді білім беру институтының директоры Балтабай Әбдіғазиұлы ашып, құттықтау сөз сөйледі. Институт директоры өз сөзінде филология ғылымдарының докторы Бақытжан Хасанов бүкіл саналы ғұмырында ғылыми-шығармашылық пен ұстаздық жолды қатар ұстаған ғалым екендігін тілге тірек ете отырып, ғалымның ғылыми ізденістерінің өзегін тіл ғылымының қоғам, мемлекет өмірімен біте қайнасып жатқан аса күрделі саласы, әлеуметтік лингвистикаға арнағандығын, Ана тілі мен мелекеттік тіл, қостілділік және көптілділік мәселелерін әлемдік тәжірибе тұрғысынан қарастырғандығын, филология ғылымына сіңірген еңбегінің зор екендігін ескере отырып, университет атынан филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттану академиясының академигі Бақытжан Хасановқа айрықша еңбегі үшін «Үздік ұстаз» төсбелгісін тағып, шапан жапты. Алдағы уақытта да шығармашылық жетістіктерге жете беруіне тілек білдірді.

 

Сондай-ақ, профессор Бақытжан Хасанұлын 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Жанат Дәулетбекова сөз алып, құттықтау папкасын тапсырды. Бұдан кейін профессор Бақытжан Хасановтың өмірі мен шығармашылығы туралы бейнеролик көрсетілді.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Айгул Сатбекова Бақытжан Хасановтың Қазақстандағы филология ғылымдарын дамытуға, бұл салада ғылыми кадрлар даярлауға қосқан үлесіне тоқталды. Дөңгелек үстелде басқа да белгілі ғалымдардың тілектері айтылып, баяндамалары оқылды.

 

       

 

      




Кері оралу