қазақша · русский · english
   

 

Шеберлік сыныбы тарихи сабақтастық мәселесіне арналды

Толғанай Есболатқызы, Исаева Орынгүл - Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Тарих және құқық институтының 2 курс студенттері

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ежелгі түріктердің «Мәңгілік ел» идеясының тарихи негіздерін аша отырып, оның қазіргі қазақ халқының ұлттық идеологиясымен сабақтастығын көрсетуге арналған «Ежелгі түріктердің ел басқару және елшілік дәстүрі: тарихи сабақтастығы» атты ашық дәріс өтті. Студенттер мен оқытушылардың көңілінен шыққан бұл дәрісті Тарих және құқық институтының Әлем тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Айткүл Махаева өткізді.
Өткен мен бүгінгінің тарихи сабақтастығын шебербайланыстырған ғалым-педагог мультимедиялық құралдардыкеңінен пайдалана отырып, ежелгі түріктердің Бумын қаған, Істемі қаған, Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған сияқты пасссионар тұлғаларының халыққа сіңірген ерен еңбегін, ежелгі түріктердің отансүйгіштік өр рухын тарихи деректерге сүйеніп, кеңінен әңгімелеп берді.
Оқытудың жаңа технологиясы үлгісі кеңінен қолданылған дәріс барысында түркітанушы ғалымдар Қ.Сартқожаұлы, Ә.Дәулетхан сияқты ғалымдардың тың тұжырымдарымен, Көк түріктердің бөрілі байрағының тарихымен жастарды таныстыра өту мақсатында «Ұлы дала дүбірі» атты деректі фильмнен үзінділер де көрсетілді, халықтың тарихи жадының жасампаздығы Жетісудың дүлділ ақыны Сүйінбайдың «Бөрілі байрақ» өлеңінен де байқалатынына назар аудартылды.
Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты еңбегіндегі ежелгі түрік қағандары мен қолбасшыларына берген бағасының құндылығын, «Мәңгілік ел» идеясының маңызы мен мәнін тәжірибелі педагог-ғалым дәлелді жеткізе білді.
«Қасиетті Отанымыз - Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қосылып, қуатты мемлекетке, «Мәңгілік елге» айналуы бүгінгі студент жастарға - болашақ мамандарға байланысты. Тек біліммен ғана оза аламыз.Тек білім-ғылымның арқасында ғана тәуелсіздікті тұғырлы ете аламыз, сондықтан да жастық шақты мәнді де маңызды іске - оқу-білімге арнаңыздар. Абай атамыз да «Ғылым таппай мақтанба» деп кеткен жоқ па?», - деп аяқтады өз дәрісін А.Ш. Махаева.
Дәрістің «Ежелгі түріктердің «Мәңгілік ел» идеясы: тарихи сабақтастығы» атты арнайы бөлімінің аса ұнағанын дәрістен шыққан жастар қызу айтып жатты.

Тарихшы-ғалымдар Талдықорған қаласында өткен Орбұлақ шайқасының тарихына арналған жиынға қатысты

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Әлем тарихы кафедрасының А.Ш. Махаева, Х.А.Сүтеева секілді топ ғалымдары Талдықорғанда өткен Орбұлақ шайқасының тарихына арналған жиынға қатысып, қала маңында өткен театрландырылған қойылымды көріп қайтты. «Хабар» агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында Айткүл Махаева: - Орбұлақ шайқасы - қазақтардың тәуелсіздік жолындағы күресі. Сондықтан да оның тарихи маңызы ерекше екені белгілі. Орбұлақ шайқасын одан әрі зерттеп, көпшілікке кеңінен тарату қажет деп ойлаймын», - деп атап көрсетті. Ғалымдар университет студенттерімен, әріптестерімен кездесуде жиынның қалай өткенін, оның тағылымдық сипатын қызықты қылып баяндап берді.

 


«Әлем таныған Алматы» атты дөңгелек үстел өтті

 

Алматы қаласының 1000 жылдық мерекесіне арналған дөңгелек үстел Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Тарих және құқық институтында өтті. Дөңгелек үстелді Әлем тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Ш.Махаева жүргізіп отырды.
«Биыл әсем қала Алматыға 1000 жыл толып отыр. Қаламыздың осы мыңжылдық мерекесі жер-жерде тойланып жатыр. Әлем тарихы кафедрасы ұжымы да осы мерейтойға орай «Әлем таныған Алматы» - «Признанный миром Алматы» - «Almaty - the famous city» атты дөңгелек үстелді шетелдік қонақтармен бірге өткізуді жоспарлап қойған еді. Міне, бүгін дөңгелек үстелді өткізудің сәті түсіп отыр. Ендеше, «Әлем таныған Алматы» - «Признанный миром Алматы» - «Almaty - the famous city» атты дөңгелек үстелге қош келдіңіздер! Дөңгелек үстелдің мақсаты: Алматы қаласының қалыптасу және өркендеу тарихымен таныстыру, қазақ халқының қоғамдық-саяси және мәдени өмірінде алар тарихи орнын көрсету», - деп бастады өз сөзін жүргізуші А.Ш.Махаева.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Алматы қаласының қалыптасу және даму тарихын, әлем халқының ілтипатындағы қала келбеті мәселесін, Алматының жаңалықтың жаршысы ретіндегі рөлі жайын талқылады.
Алматы қаласының ежелгі және орта ғасырлардағы тарихымен таныстыру үшін Жетісу тарихын зерттеуші белгілі археолог, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының аға қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Арнабай Нұржанов алды. Ол мультимедиялық құралдар арқылы Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойының тарихи маңызын баса көрсетті және қаланың тарихына қатысты археологиялық деректермен, материалдармен таныстырды.
Одан соң Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға қызметкері, тарих магистрі Рашид Оразов сөз алып, Алматының жаңа замандағы тарихы жайын, Алматының орнында болған Тойшыбек бекінісінің тарихын айтып берді. Тойшыбек бекінісінің 1850 жылы салынған суреті (орыс шенеунігі Померанцев салған) Петерборда Кунсткамерада әлі күнге сақталынып тұрғанын баяндады және осы бекіністің суретін дөңгелек үстелге қатысушыларға көрсетті.
Жетісу тарихын зерттеушілердің бірі, тарих ғылымдарының докторы, Әлем тарихы кафедрасының меңгерушісі Айткүл Махаева Алматының бұрынғы атауы Үшалматы болғанын, оны Ш.Ш. Уәлиханов та жазғанын, бұл туралы «Алматы ақшамында» «Шоқан жазған шаһар» деген мақала жариялағанын, 1850 жылы 19-21 сәуір аралығында Үшалматы үшін Тойшыбек бекінісі түбінде патшалық Ресей әскерлерімен кескілескен шайқас болып өткенін, осы шайқаста Тойшыбек би бастаған 7000-дай қазақ қолының 200-і қаза тапқанын әңгімелеп берді.
Белгілі саясаткер, тарих ғылымдарының докторы, ағылшын тілінде еркін сөйлейтін Әзімбай Ғали Алматы жөнінде қазіргі әлемдік қалалар тарихын зерттеушілердің және саяхатшылардың, шетелдік қонақтардың көзқарастары өте жақсы, лебіздері жылы екенін тілге тиек етті.
Шетелдік қонақтар арасында Түрік халықтары мәдениеті қорының Президенті, «Түрік әлемі» халықаралық газетінің Бас редакторы Ахмет Догдуран дөңгелек үстелді ұйымдастырушыларға алғысын айта отырып, алматылықтарды наурыз мерекесімен, Алматы қаласының мерейтойымен құттықтады және Алматының тарихы өзінің бастауын сонау сақтар заманынан алады деп ойлайтынын, сондықтан да Алматының тарихы бұдан 2500 жыл бұрын басталған деп топшылаған жөн деген пікірін жеткізді. Сонымен бірге түркі халықтарының тарихында Алматы қаласының орны ерекше екеніне назар аудартты.
Дөңгелек үстелге Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Өнер, мәдениет және спорт институтының профессор-оқытушылары атынан қатысқан өнертанушы-ғалым, күйші Ерболат Жұмашұлы Алматының қазақ халқының мәдени өмірінде алар орнына, тарихи тақырыптағы күй өнерінің шығуына тоқталып өтті, әрі домбырадан күй төгіп, қатысушылардың көңілін көтеріп тастады.
Өлкетанушы журналист Бақытжан Мергенбаев Жетісудағы 1916 жылғы көтеріліске биыл 100 жыл толып отырғанын, Алматы қаласының тарихында бұл тарихи оқиғанын да өзіндік орны бар екеніне тоқталып өтті және жастарды өз елінің тарихын жете білуге шақырды.
Дөңгелек үстелге қатысқан жастар атынан сөз алған 1 курс магистрі Нұрсерік Тілеуқабыл Алматыдағы құрылыс нысаналарының тарихынан сыр шертіп қана қоймай, сонымен бірге көне және қазіргі қала тұрғындарының ерекшеліктеріне көпшілік көңілін аударды.
Болашақ тарих магистрлері Айзада Шаймерден, Камекова Тахмина, Тондыбаев Абзал, 4 курс студенттері Сұлтан Шотарбай, Айтолқын Дүйсенбайқызы, Абылай Төлегенов және т.б. дөңгелек үстелге белсене қатысты.
«Алматыны әлемге танытқан, әлі де жақсы жағынан танытатын оның тұрғындары. Алматының ажары - оның адамдары. Сондықтан да Алматының мерейін асыратын, байлығын тасытатын алматылықтардың әрдайым көңілдері көтеріңкі, тарихи жады берік болсын», - деп аяқтады өз сөзін дөңгелек үстелді жүргізуші Айткүл Махаева.
Дөңгелек үстелге қатысушы қонақтар одан әрі Тарих және құқық институтының Наурыз мерекесіне жайылған дастарханынан дәм татып тарқасты.

Н.Тілеуқабыл,Абай атындағы ҚазҰПУ-нің 1 курс магистранты