Негізгі бет
Жаңалықтар
05.04.2022 «Жаңартылған мазмұндағы мектеп географиясын оқытудың әдістемелік негіздері» республикалық семинары
2022 жылдың 4 сәуірінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Жаратылыстану және география институтының ұйымдастыруымен «Жаңартылған мазмұндағы мектеп географиясын оқытудың әдістемелік негіздері» республикалық онлайн-семинар өткізілді. Іс-шараға Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл облыстары, Алматы, Нұр-Сұлтан және т.б. қалалардан 70-ке жуық жалпы білім беретін мектеп, гимназия, лицейлердің география пәні мұғалімдері қатысты.
Семинарда Нұр-Сұлтан қаласы «Binom school» Ұлы дала мектеп-лицейінің география пәні мұғалімі, педагог-шебер Қарлығаш Нуржанова «7-сынып география пәні бойынша оқушының меңгеруіне қиындық тудыратын тақырыптарды оқыту ерекшеліктері» тақырыпта мастер-класс көрсетті. Географиялық дереккөздерімен жұмыс жасауды, географиялық нысандардың қасиеттерін эксперименттік жолмен анықтаудың әдістемелік жолдарын түсіндірді.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы Андрей Абулгазиев «9-сынып. Жаһандық климаттың өзгеруі және оның Қазақстан климатына әсер етуінің себеп салдары» тақырыбында баяндама жасады.
Алматы қаласы, Түрксіб ауданы, 59-мектеп гимназиясы география пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Гульмира Арзикулова «8-сынып Халық санағы, Ұдайы өсудің типтері. (Блум таксономиясы деңгейлерін қолдану)» тақырыбында мастер-класс жүргізді. География сабағында Блум таксономиясы деңгейлерін қолданудың әдістемелік жолдарын түсіндіріп өтті.
Республикалық онлайн-семинарда география пәнінен жаңартылған білім мазмұны бойынша бірнеше өзекті сұрақтар қойылып, толық жауаптар алынды. Семинарға қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын айтты, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Қорыта келе, республикалық онлайн-семинар әдістемелік тұрғыда жоғары деңгейде өткізілді.
|