Негізгі бет
Жаңалықтар
24.03.2022 Шағын жинақталған мектеп - біздің кафедраның басты назарында
Былтырғы оқу жылында Филология және көптілді білім беру институтының шетел тілдері кафедрасы Қызылорда облысы Арал ауданы А.Мұстафаев атындағы №227 Көктем және №77 Құланды ауылдарындағы шағын жинақталған орта мектептермен әріптестік, тәжірибелік байланыс орнату, кәсіби және мәдени іс-әрекеттерді қолдау арқылы өзара түсіністік пен білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, мектеп мұғалімдеріне оқу-әдістемелік көмек көрсету, мұғалімдер мен оқушылардың ғылыми жобаларына жетекшілік етуді жүзеге асыру мақсаттарында байланыс орнатып, екі жақты меморандумға қол қойылған болатын.
Осы мақсаттарды негізге ала отырып, шетел тілдері кафедрасы атынан ф.ғ.к. Г.Р.Нурекешованың ұйымдастыруымен Қызылорда облысы Арал ауданының 2 шағын жинақталған орта мектептермен бірлескен форматта мектеп оқушыларына пилоттық жоба енгізілді. Осы жоба аясында еріктілер сапындағы үздік оқитын «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығы студенттері тәжірибе жинақтау және жаңашыл іс-әрекеттермен бөлісу үшін Ағылшын тілі пәнінен аптасына екі мәрте оқушыларға қосымша сабақтар беруді бастады.
Сабақты студенттер жүргізеді: Сайлаубай Аягөз, Бейсебаева Ақерке, Сүйіндік Ақерке, Жолдасбекова Балнұр, Шүкірбаева Бағдат.
Бұл игі бастаманы мектеп басшылығы ғана емес, сонымен бірге оқушылардың ата-аналары да аса қызығушылықпен қарсы алды. Мектеп үшін бұл үлкен көмек және жаңалық болды. Мектеп басшылығы интернет желісі байланысының қиындық туғызатынына қарамастан оқушыларға қосымша сабақтардың өз дәрежесінде өткізілу барысына барынша ықпал жасап жатыр.
Қосымша сабақтарға №77 Құланды мектебінен 5-6 сыныптардың 17 оқушысы қатысса, ал №227 Көктем мектебінен 3-9 сыныптар аралығынан жасақталған 34 оқушы қатысып жатыр.
Мектеп басшылығы мен оқушылар сұранысына ие болған бұл жоба осы оқу жылының аяғына дейін созылмақ.
|