қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
11.03.2022

Тараптар байланысы бекемделмек

 


Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Дархан Біләлов Алматы қаласы Білім басқармасы Жетісу аудандық білім бөлімінің басшысы Салтанат Құсайыновамен кездесті. Кездесуге академиялық мәселелер жөніндегі проректор Мақтағали Бектемесов және Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Жанбеков қатысты, - деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

 

Кездесу барысында жоғары оқу орны мен мектеп арасындағы ынтымақтастығын нығайту, студенттердің іс-тәжірибесін жетілдіру, ұстаздарға деген құрмет көзқарасын қалыптастыру, жастардың тәрбиесіне көңіл бөлу, жаңартылған білім мазмұны, мұғалімдер мен мектеп директорларын қайта даярлау, педагогтардың біліктілігін арттыру курстарының қажеттілігі және дамыған шетелдік мемлекеттердің салалық тәжірибесін зерделеу мәселелері талқыланып, мектеп кітапханаларын жаңғырту жұмыстарына баса назар аудару қажеттігі айтылды.

 

Дархан Біләлов Абай университетінің еліміздің және Алматы қаласының білім беру саласындағы нақты мәселелерін шешуге бағытталған белсенді университет ретіндегі рөлін атап өтті. Осы бағытта мектептердегі кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін білім беру бағдарламалары қарастырылып, сұранысқа ие кадрлар мен директорларды, инклюзивті білім беру жөніндегі мамандарды қайта даярлау, сондай-ақ жұмыс берушілермен өзара тығыз байланыс орнатуды дамыту, педагогтердің біліктілігін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқандығы туралы айтты.

 

Салтанат Құсайынова университет студенттерінің мектептегі практикадан өту барысындағы жұмыстарына тоқталып, университетте алған білімдері мен дағдыларын жоғары деңгейде бағалады. Тәжірибе мерзімін 9 айға ұзарту студенттің кәсіби ортаға енуіне, оқытушылармен және студенттермен дұрыс қарым-қатынаста болуына ықпал ететін өте дұрыс шешім екенін айтты.

 

Университеттің мектептермен ынтымақтастығы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде жас мамандар бірте-бірте тәжірибе жинақтап, ұстаз рөлін тереңірек түсінетін болады. Бұл мектеп мұғалімдерінің тапшылығын азайтуға ықпалын тигізеді. Тараптар өзара келісім негізінде бір орта білім беру ұйымын сенімгерлік басқаруға алуды және оны екі жақты ынтымақтастық негізінде дамытуды жоспарлап отыр.

 

2019 жылы басталған жоба алдағы уақытта да жаңа жобалармен жалғасын табатын болады. Айта кету керек, Жетісу ауданына қарасты 21 мектеп жұмыс істейді. Білім беру саласын дамытуға бағытталған кездесу екі тарап үшін де өте тиімді өтті. Нақты ұсыныстар айтылып, бірқатар мәселелер шешілді.

 

 

11.03.2022 ж.

Ақпарат көзі: bilimdinews.kz