Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
25.02.2022 Алматы қаласында педагогикалық білім берудің өзекті мәселелері талқыланды
Білім саласы - назарда
Ж.Сүлейменова мен А.Масабаев Парламенттің заң шығару қызметі және ҚР Президентінің депутаттық корпусқа елдегі білім беруге қатысты тапсырмалары туралы қысқаша баяндады. Кездесу барысында педагогикалық кадрлардың жетіспеушілігі, инклюзивті білім беру мәселелері, мұғалімдердің кәсіби деңгейін арттыру, оқулықтардың сапасы, қала мен ауыл арасындағы білім беру саласындағы алшақтықты жою туралы өзекті мәселелер талқыланды.
Ректор Дархан Біләлов мектеп директорларына білім саласын дамытуға қосқан үлестері, сондай-ақ Абай университетінің студенттері мен түлектерінің біліктілігін арттырып, оларды жұмысқа орналастыруға қолғабыс еткендері үшін алғысын білдірді. ҚР БҒМ педагогикалық білім беру саласында келесі өзекті мәселелерге аса назар бөлетіні атап өтілді, олар: кадр тапшылығы, қалалық және ауылдық мектептер деңгейіндегі алшақтық, педагогтардың мәртебесі мен олардың біліктілігін арттыру. Ол Abai University-не жүктелген міндеттердің бірі - нақты білім беру бағдарламаларын әзірлеудің маңыздылығын алға тартты. Оның айтуынша, бұл жұмыс үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылуда: инновациялылық, практикаға бағдарлану және белсенді қатысу, сондай-ақ, олардың әрқайсысына жеке тоқталып өтті.
Ректор мектептермен байланысты нығайту жөніндегі жоспарларымен бөлісті. Мәселен, «Университет - мектеп» жобасы тараптардың тікелей (мектеп мұғалімдерін сапалы даярлау) және жанама (білім деңгейі жоғары мектеп талапкерлерін даярлау) өзара байланысын кеңейтуге назар аударылатын болады. Бұл бағыттағы жұмыстар Abai University тәжірибесінде жоғары кәсіби және тиімді менеджерлердің, талантты көшбасшы-басшылардың кадрлық резервін қалыптастыру, дуальды және инклюзивті білім беруді дамытуды қамтиды.
Жоғары оқу орнының қатысуы Алматы қаласы мен жалпы еліміздің білім беру саласындағы мәселелерді шешуге бағытталған. Еліміздің мектептерін табысты жас ұстаздармен қамтамасыз ету мақсатында университет әлемнің көптеген университеттерінде қолданылып жүрген жаңа «Honors College» жобасын әзірлеуде. Жобаның мақсаты - педагогикалық мамандықтар бойынша білім алушы студенттерге қажетті құзыреттіліктер, терең білім мен дағдылар беру. Сондай-ақ, ректор білім беру сапасын арттыру және жоғары кәсіби мұғалімдерді даярлауды жақсарту бойынша қызықты ұсыныстарымен бөлісті.
Кездесу соңында депутат Жұлдыз Сүлейменова пікір алмасу мен ұсыныстардың өте пайдалы екенін және алға қойылған мәселелерді шешуге бар күшін салатынын атап өтті.
25.02.2022 ж. Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz |