Мектепке дейінгі ұйымда ұлттық құндылықтар дәріптелді
2023 жылғы 24 сәуірде ЖОО мен мектепке дейінгі ұйым арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, теория мен тәжірибенің бірізділігін қамтамасыз ету мақсатында Педагогика және психология институты мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедарасының профессор-оқытушылар құрамы мен Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылындағы «Өркениет бөбекжайы» балабақшасының педагог мамандарының бірігуімен «Ұлттық тәрбие негізі - балабақшада» тақырыбында Ашық есік күні ұйымдастырылды.
«Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясына негізделген жалпыадамзаттық құндылықтарға, ұлтжандылыққа, патриотизм мен толеранттылыққа тәрбиелеу міндетін орындау барысында балабақша педагогтері ұйымдастырған шара заманауи технологияларды ұлттық тәрбиемен ұштастыра отырып қолданудың тиімді жолдарын көрсетті. Балалардың жас ерекшелігіне сай ата-баба дәстүрі мен халықтық педагогиканы басшылыққа алып, тәрбие жұмысын ғылыми негізде «Жеті санының қасиеті», «Ұлттық ойындар», «Төрт түлік мал» тақырыптарында ұйымдастырылған іс-шаралар өткізді. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған іс-шара негізінде алдағы уақытқа жаңа жоспарлар құрылып, жаңа идеялар ұсынылып, серіктестік жұмысының жаңа бағыттары айқындалды. Семинарға мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының меңгерушісі Ұ.Қ.Қыяқбаева, сонымен қатар Р.К.Бекмағамбетова, Г.Т.Абитова, А.К.Айтбаева, А.И.Ахметова, сонымен қатар аудандық білім бөлімінің әдіскерлері және МДҰ меңгерушілері қатысты.