қазақша · русский · english
 
 
 
11.02.2022

«Мектепке дейінгі ұйымда 4K моделін жүзеге асыруда инновациялық технологияларды қолдану» семинары

 

2022 жылдың 11 ақпанында жоғары оқу орны мен мектепке дейінгі ұйым арасында байланыс орната отырып, білім беру деңгейлерінің сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында университетіміздің Педагогика және психология институтының «Мектепке дейінгі, әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану білім беру бағдарламасын кәсіби даярлау» бөлімінің «Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу педагогикасы» мамандығының 1-курс докторанттарының және оқытушыларының ұйымдастыруымен Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылындағы ЖШС «Өркениет» бөбекжай балабақшасында «Мектепке дейінгі ұйымда 4K моделін жүзеге асыруда инновациялық технологияларды қолдану» тақырыбында семинар өткізілді. Семинарға кафедра оқытушылары және Жамбыл аудандық білім бөлімінің әдіскерлері қатысты. Семинар барысында тақырып бойынша таныстырылым көрсетіліп, ашық оқу қызметтері өткізіліп және де бүлдіршіндердің шағын концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды.

 

«Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу педагогикасы» мамандығының 1-курс докторанты А.Ауезова «Мектепке дейінгі ұйымда 4K моделін жүзеге асыруда инновациялық технологияларды қолдану» тақырыбында таныстырылым жасады. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша балаларды оқыту мен тәрбиелеуге қойылып жатқан талаптардың өзгеруіне байланысты оқу-тәрбие үрдісін тиімді жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар айтты. Ересек «Монтессори» тобының тәрбиешісі А.Базарбаева «Сиқырлы пішіндер» тақырыбында ашық оқу қызметін өткізіп, балаларға пішіндер, түстер, сандар, кеңістікте бағдарлау туралы білімді игертіп, «Монтессори» технологиясы бойынша саусақ моториканы және өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын дамыту бойынша жұмыстар көрсетті. Ересек «Күнбағыс» тобының тәрбиешісі Б.Бейсенбаева «4 саны» тақырыбындағы ашық оқу қызметінде В.Воскобович технологиясының дамытушы ойындарын қолданды. «Күлгін орман», «Коврограф Ларчик» кілемшелері арқылы балаларға  реттік санау туралы түсінік берсе, «Сиқырлы сегіздік», «Баулар», «Мөлдір шаршылар», «Геоконт», «Игровизор» сияқты дамытушы ойындар арқылы  4 санына байланысты қызықты ойындар ойнатып, санды әртүрлі әдіспен жаздырды. Мектепалды «Құлыншақ» тобының тәрбиешісі Б.Сманова «Мысық» тақырыбындағы ашық оқу қызметін STEM технологиясы бойынша ұйымдастырды. Тақырыптың ғылымилығын ашып, интеграция негізінде балаларға құрастыру және де математикалық тапсырмалар бере отырып интеллектуалды жаттығулар орындатты.

 

«Біз бақытты балдырған» тақырыбындағы бүлдіршіндердің концерттік бағдарламасында Жамбыл Жабаевқа арнаулар айталып, Ж.Жабаевтың Сүйінбай атасынан бата алу сәтінен көрініс көрсетіліп, ән шырқалып, күй тартылып, билер қойылды. Семинардың соңында өткізілген «Ашық алаңда» университетіміздің оқытушылары және де аудандық білім бөлімінің әдіскерлері семинар төңірегінде талқылау жүргізді. 

 

   

 

   

 

   




Кері оралу