«XXI ғасыр педагогикасындағы Абай мұралары» республикалық олимпиадасы
2020 жылдың 27-28 ақпаны күндері Педагогика және психология институты мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының ұйымдастыруымен «XXI ғасыр педагогикасындағы Абай мұралары» республикалық олимпиада өтті. Республикалық олимпиаданың құрылтайшысы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті.
Олимпиаданы өткізудің негізгі мақсаты - Абайдың шығармашылығын терең білу, Абайдың педагогикалық мұралары туралы теориялық және практикалық тұрғыда білімі бар дарынды студент жастарды анықтау, студенттердің рухани-адамгершілік білім беру саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызығушылықтарын арттыру.
Республика көлемінде ұйымдастырылған олимпиадаға ЖОО-нан 12 команда қатысты.
Олимпиаданың ашылу салтанатында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың бірінші проректоры Мақтағали Бектемесов және оқу ісі жөніндегі проректор Асан Сәтмырзаев сөз сөйлеп, Абай мұралары кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екендігін, Абайды танытуда тұңғыш рет республика көлемінде олимпиада ұйымдастырып өткізу үлкен жетістік екендігін айтты.
Педагогика және психология институтының директоры Берікжан Әлмұхамбетов «XXI ғасыр педагогикасындағы Абай мұралары» алғаш рет өткізіліп отырған республикалық олимпиаданың алауын жағып, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Әділ-қазы құрамының төрайымы - М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Орда Гүлжахан, мүшелері - Педагогика және психология институтының директоры Берікжан Әлмұхамбетов, «Өрлеу» БАҰО АҚФ ББЖ ҚБАРИ Білім беру үдерісін психологиялық-педагогикалық қолдау кафедрасының меңгерушісі Ағима Маханбетова, «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Борасын Иманбердиев, «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жабал Шойынбет, Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының меңгерушісі Ұлбосын Қыяқбаева және профессор Роза Бекмагамбетова, Музыкалық білім беру және хореография кафедрасының профессоры Алия Момбек.
Олимпиада 2 кезең бойынша өтті:
I кезең - «Абай мұралары менің өмірімде» тақырыбында эссе жазу.
II кезең үш тапсырмадан тұрады:
1) «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» ғылыми жоба әзірлеу және оны қорғау.
2) «Абай менің өмірімде» өмірлік жағдаяттарға байланысты қойылым көрсету.
3) «Абайдың педагогикалық мұраларын пайдалану» бойынша сабақ үзіндісін көрсету.
Олимпиада барысында студенттер өз бойындағы педагогикалық шеберліктерін таныта білді. Жарыс төрелігінің әділ бағасын берген қазылар алқасы педагогикалық олимпиаданың қорытындысын жасап жеке сынақта «Үздік эссе», «Үздік сабақ, «Үздік ғылыми жоба» номинациялары берілді. І, ІІ, ІІІ орындарға ие болған қатысушылар дәрежелі дипломдармен, сертификаттар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Бас жүлде: Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Қара шаңырақ» командасы;
І-орын: Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті «Дарынды ұстаз» командасы;
ІІ-орын: Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті «Қарекет» және «Сырдария» университеті «Таным» командалары;
ІІІ-орын: Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті «Қазақ аруы» және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Имани гүл», С.Баишев атындағы Ақтөбе университеті «Самғау» командалары иеленді.
Қатысқандығы туралы сертификат пен дәрежелі дипломдар: Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті «Алаш ұстаздары», Алматы университеті «Мирас», Қазақ ұлттық аграрлық университеті «Қыран», Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» командаларына берілді.
Олимпиаданың жабылу салтанатында «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Борасын Иманбердиев сөз сөйлеп, диплом мен сертификаттарды тапсырып, барлық қатысқан командаларға алғыс білдірді. Берікжан Әлмұхамбетов І-ші орын иеленген ТарМПУ студенттеріне эстафетаны ұсынып, келесі жылы сол жоғары оқу орнында жалғасын табатындығын жеткізді.
Республикалық олимпиада Абай Құнанбаевтың «Желсіз түнде жарық ай» өлеңін айтумен аяқталды.