қазақша · русский · english
 
 
 
20.02.2020

Мектепке дейінгі ұйымдардағы пәндік ортаны қалыптастыру бойынша семинар


2020 жылдың 19 ақпанында Педагогика және психология институты мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының оқытушысы Назгуль Дайрабаева «6В01201- Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту» мамандығының 1 курс студенттеріне «Мектепке дейінгі ұйымда заттық ортаны қалыптастырудың педагогикалық шарттары» тақырыбында ашық семинар сабағын өткізді.

 

Ашық семинар сабақтың мақсаты - білім алушылардың заттық дамытушы ортаны құрудың негізгі бағыттары мен мектеп жасына дейінгі балалардың белсенділігін дамытушы орта арқылы қалыптастырудың педагогикалық шарттарын талдау.

 

Семинар сабағы барысында дамытушы ортаны құрудың негізгі бағыттары мен мектепке дейінгі ұйымда заттық ортаны қалыптастырудың педагогикалық шарттары талданды. Жаңа тақырыпты айқындау мақсатында интербелсенді тақта арқылы студенттерге Миға шабуыл стратегиясы қолданылды. Топтық жұмыс жасауда студенттер «Постер», Тони Бьюзеннің «Ақыл-ой картасы» әдістерімен талдау, саралау, салыстыру жұмыстарын жасап, шығармашылық тапсырмаларды орындады. Ашық семинар сабағын қорытуда бағалау «Кахут» технологиясын қолдану арқылы жүзеге асты. Студенттер кері байланыс жасау арқылы, өз-өздерін және сабақты бағалады.

 

Мектепке дейінгі ұйымда заттық ортаны қалыптастырудың педагогикалық шарттарын меңгертуге негізделген ашық семинар сабақтың әр кезеңінде уақыт ұтымды қолданылды. Сабақтың негізгі дидактикалық мақсаты мен құрылымдық элементтері толығымен пайдаланылды. Студенттер белсенділік танытып, шығармашылық қабілеттерін арттырды. Білімділік, дамытушылық, тәрбиелік мақсаттарын шешетін оқу-тәрбиелік қызметіне, олардың орындалуына жалпы өзіндік баға берді.

 

Ашық семинар сабағына кафедра меңгерушісі Ұлбосын Қыяқбаева және кафедраның профессор-оқытушы құрамы қатысты.

 

Семинар сабаққа қатысқан кафедра оқытушылары өз пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын айтты.

 

Назгүл Дайрабаеваның «Мектепке дейінгі ұйымда заттық ортаны қалыптастырудың педагогикалық шарттары» тақырыбында өткізген ашық семинар сабағы жоғары деңгейде бағаланды.

 

   

 

   

 

   




Кері оралу