қазақша · русский · english
 
 
 
25.02.2019

«Жаныңда жүр жақсы адам»

 

Үстіміздегі жылдың 22 ақпан күні академик С. Қирабаев атындағы «Қазақ тілі мен әдебиеті »кафедрасының ұйымдастыруымен әдебиетші ғалым, жазушы, драматург, аудармашы Серік Асылбекұлының ғылыми, әдеби шығармашылық жолына арналған «Ғалым мінбері» тақырыбында ғылыми семинар өткізілді.

 

Ғылыми семинарды кафедраның меңгерушісі ф.ғ.д., профессор Қалбике Есенова ашып, алғы сөзінде «Өздеріңіз білетіндей, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті - тәуелсіз қазақ еліндегі іргелі оқу орындарының бірі. Бұл қасиетті қара шаңырақта Алаш арыстарынан бастап, белгілі қазақ ғалымдары қызмет еткені белгілі. Солардың салған сара да даңғыл жолымен «ақырын жүріп, анық басып», «ұстаздық етуден жалықпай» келе жатқан еңбекторылар аз емес. Жанында жүрген жақсы адамды сыйлап, қадірлеп, кейінгі ұрпаққа үлгі етуді негізгі нысан етіп алған кафедра оқытушылары мен ғылым жолындағы ізденушілер бүгін Серік Асылбекұлының шығармашылық, ұстаздық, ғылыми жолын танып-білуді, насихаттауды мақсат етіп отыр» деп шара мақсатын айқын танытумен қатар, бүгінде ұлттық болмысымыз бен төлтума мәдениетімізді, рухани құндылықтарымызды сақтап, жаһандану үдерісінде бет-бейнемізді жоғалтпай, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды сабақтастықпен жеткізудің бір жолы - қаламды қару етіп, қоғамда орын алған келеңсіздіктерді әшкерелеп, келелі, маңызды оқиғаларды дүйім жұртқа үлгі ретінде ұсына білген шығармашылық иесінің орны ерекше екендігіне тоқталып өтті.


Ғылыми семинар барысында ұстаз, ғалым ғана емес, сүбелі сөз өнерімен өз оқырмандарының ой жиегін кеңейтіп,рухани жан-дүниесін ізгілендіре білген жазушының ғалымдық, суреткерлік, ұстаздық өмірі мен шығармашылығына арналған слайд таныстырылды. Рухани кездесудің бас кейіпкері Серік Асылбекұлының шығармашылығына, биік адамгершілік тұлғасына баға беріп, әдеби туындыларын көркемдік тұрғыдан талдап берген п.ғ.к., доцент, әдебиеттанушы ғалым Алпысбай Тамаевтың баяндамасы өте мазмұнды шықты.

 

Өзінің әдебиетке, ғылымға келу жолы жайында үлкен тебіреніспен сөйлеген ғалым-ұстаз сөзін ұйып тыңдаған сөз өнерін сүйетін әріптестері, докторанттар мен магистранттар жазушы шығармашылығындағы көркемдік ізденістер, әдебиеттің қоғамдық міндеті, әдеби менеджмент, қазіргі қазақ мектептері мен ондағы білім сапасы, жалпы білім жүйесіндегі реформалары жайында бірқатар сұрақтар қойып, жылы лебіз, ыстық ықыластарын білдірді. Кездесуді қорытындылаған профессор Қалбике Есенова тағылымы мол тұлғаларды сыйлап, құрметтеу, тәлімін алу сынды мұндай игі бастаманың әрі қарай да жалғасын табатындығына сенім білдірді.

 

   

 

   




Кері оралу