қазақша · русский · english
 
 
 
04.12.2018

Қазіргі заманғы әдеби үдерістің мәселелері бойынша халықаралық конференция


2018 жылдың 28 қарашасында Филология және көптілді білім беру институты академик С.Қирабаев атындағы «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының ұйымдастыруымен көрнекті қаламгер Қайнекей Жармағанбетовтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Қайнекей Жармағанбетов шығармашылығы және қазіргі әдеби үдерістің өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті.

 

Конференцияның ашылу рәсімінде оқу ісі жөніндегі проректор Асан Сәтмырзаев сөз сөйлеп, конференцияға қатысушы отандық және шетелдік ғалымдарға сәттілік тіледі.

 

Алғашқы кіріспе сөз ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Қирабаевқа берілді. Серік Қирабаев өмірдегі ұстазы Қайнекей Жармағанбетовті сағынышпен еске алып, оның шығармашылық ізденістеріне, әсіресе баллада жазу шеберлігіне тоқталып өтті.

 

Пленарлық мәжіліске институт директоры Балтабай Әбдіғазиұлы модераторлық етті. Алғашқы баяндаманы Жазушылар Одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Нағашыбай Мұқатов «Сан қырлы талант сырлары» тақырыбында жасады. Сонымен бірге Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегенов «Әдеби даму үдерісі және Қайнекей Жармағанбетов поэзиясының поэтикалық ерекшеліктері», Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты А. Тоқсамбаева «Қайнекей Жармағанбетов - көп қырлы қаламгер», Қарақалпақстан Республикасы Бердақ атындағы Қарақалпақстан мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қ. Оразымбетов «Қайнекей Жармағанбетов шығармашылығы және қарақалпақ-қазақ әдеби байланыстарының мәселелері», Түркия Республикасы, Муғла Сыткы Кочман Университеті, филология ғылымдарының докторы,профессор Кенан Коч «Қазақ және түрік әдебиетіндегі баллада жанры және Қайнекей Жармағанбетов» тақырыптарында баяндама жасап, конференцияға қатысушылардың ерекше ықыласына бөленді.

 

Конференция барысында құттықтаулар мен естеліктер де айтылды. Қайнекей Жармағанбетовтің көзін көрген, шығармашылық шыңдалуларына тікелей әсер еткен замандас інілерінен көрнекті ақын М. Рәш, ардагер журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі С. Ақтаев, Ресей ғылым академиясы А.Н.Несмеянов атындағы Элементорганикалық химия ғылыми-зерттеу институтының Бас ғылыми қызметкері, х.ғ.д., профессор О.Аймақұлы, Филология ғылымдарының кандидаты, Шымкент аймақтық-әлеуметтік инновациялық университетінің профессоры Б. Бекетов өз естеліктерін айтып, көрнекті қаламгердің азаматтық тұлғасын ашып көрсетті. Қорытынды естелікті Қайнекей Жармағанбетовтің ұлы Нұрлан Жармағанбетов айтты. Университеттің 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, конференцияны ұйымдастыруға ұйытқы болған институт ұжымына, конференцияға қатысушы ғалымдар мен ізденуші шәкірттерге отбасы атынан өз алғысын білдірді.

 

Конференция соңында институт директоры Балтабай Әбдіғазиұлы ақын Нағашыбай Мұқатовқа, Муғла Сыткы Кочман Университеті, филология ғылымдарының докторы, профессор Кенан Коч мырзаға, Ресей ғылым академиясы А.Н.Несмеянов атындағы Элементорганикалық химия ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, х.ғ.д., профессор О. Аймақұлына, Қарақалпақстан Республикасы Бердақ атындағы Қарақалпақстан мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қ. Оразымбетовке, Қайнекей Жармағанбетовтің ұлы Нұрлан мен қызы Әлима Жармағанбетоваға университеттің мерейтойына арнайы шыққан 90 жылдық медалі табыс етілді.

 

Конференция түстен кейін секция отырысында «Қайнекей Жармағанбетовтің шығармашылық мұрасы-қазақ әдебиетінің рухани қазынасы», «Шығармашылық тұлға және қазіргі әдеби үдеріс», «Тіл білімі мен оқу-әдістеме салаларының өзекті мәселелері» тақырыптарында жалғасын тапты.

 

Конференцияның материалдары жинақ түрінде жарық көрді. Ғылыми жинаққа 100 жуық мақала енді. Секция қорытындысы бойынша баяндама жасаған ғалымдарға, студенттер мен магистранттарға конференцияға қатысқаны үшін сертификаттар табыс етілді.

 

   

 

  




Кері оралу