қазақша · русский · english
 
 
 
08.02.2021

М.Мақатаевтың 90-жылдық мерейтойына арналған «Үш бақытым» әдеби кеші


2021 жылы 6 ақпанда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Филология және көптілді білім беру институтының академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасына қарасты «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3 курс студенттерінің ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті ақыны М.Мақатаевтың 90-жылдық мерейтойына арналған «Үш бақытым» әдеби кеші өтті.

 

Студент-жастар «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін, алынбаған ақым бар сенде менің», «Атымнан адам қойған айрылмаймын» және «Қазақтың қара өлеңі - құдіретім» деп өткен, «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып, өзіне қайтарған» ақиық ақынның жан-күйін түсінуге, ақынша толғап, өмір сырларын Мұқағали көзімен тануға, «Жылап қайттым өмірдің өмірдің базарынан» деген ақынның жай-күйін ұғуға тырысты. Кеште Мұқағалидің өмір кезеңдері өз өлеңдерімен өріліп, соғыстың дәмін татқан бала Мұқағали, махаббат жырын төккен албырт жастың, поэзияға ғашық жанның бейнесі жасалды, күйіну мен сүйіну сезімдерімен қатар ақынның Отанына, халқына, анасына деген ыстық көңілін білдіретін жырлары логикалық жалғастықта орындалды. Студенттер нақышына келтіріп орындаған ақынның «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін», «Бақыт деген», «Шеше, сен бақыттысың, жыламағын», «Әке», «Қара өлең», «Есіңе мені алғайсың», «Сезбейсің ғой», «Шыда, шыда», «Отан», «Пай, пай, өмір», «Емханада», «Жылап келіп келмейді жылап кеткім» және т.б. өлеңдері тыңдаушы қауымның жүрегіне жетті деген сенімдеміз. Мұқағали мәңгілік ғұмыр иесі екені тағы дәлелденді.

 

   




Кері оралу