қазақша · русский · english
 
 
 
24.12.2015

«Мәңгілік Ел» пәнін оқу үдерісіне енгізу-уақыт талабы


  Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан жолы- 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» (17 қаңтар 2014 ж.), «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» (11 қараша 2014 ж.) атты Жолдауларында «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының ұсынылуы Қазақ халқының арман-аңсарына сай келіп, еліміздің болашаққа деген сенімін, құлшынысын арттыра түскені сөзсіз. «Мәңгілік Ел» идеясы біздің көне түркілік дүниетанымымызды, болмысымызды, көшпенділер өркениетінің негіздерін замана талабына сәйкес қайта жаңғыртудың, елімізді алдыңғы қатарлы қуатты мемлекеттер қатарына жеткізудің идеялық кепілі болып табылады. Нақтырақ айтқанда ол қазақ елінің жарқын болашағын білдіре отырып, Қазақстанның дамыған елдермен терезе теңестіруіне жол ашатын, халықты ортақ мақсат - мәңгілік ел болуға жұмылдыратын идея. «Мәңгілік Ел» - ұлттық бірлік пен бейбітшілікті, экономиканы нығайту,халықты әлеуметтік қорғау, ұлттық қауіпсіздік, мәдениеттің, тілдің дамуы, патриоттық, отаншылдық сезімнің күшеюі негізге алынатын Қазақстан жолының жаңа кезеңі.
   «Мәңгілік Ел» идеясы біздің мәңгілік халық, мәңгілік мемлекет болып қалуымызды қуаттайды, халқымыздың өз тамыр-тегін, ұлттық рухы мен өзіндік бірегей даму жолын сақтауға, әлем қауымдастығында өз рөлін айқындауға, тарихи-мәдени құндылықтарды мұқият сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге, адамгершілік бағдарды қалыптастыруға, дамытуға, қоғамның зияткерлік әлеуетін күшейтуге үндейді. Сондай-ақ «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы жас ұрпақты өз отанына деген сүйіспеншілік пен патриотизмге, ұлттық салт-дәстүрге, руханият пен мәдениетке құрмет сезіміне тәрбиелеуді талап етеді. Сол себепті жас ұрпақты «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясына тәрбиелеу бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі.
   Тәрбие мен білім оқу арқылы келеді десек, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Серік Жайлауұлы Пірәлиевтің жаңашылдық бастамасымен республика жоғары оқу орындарында оқу үдерісіне «Мәңгілік Ел» пәнін енгізу жобасы жүзеге асырылуда. Университет ғалымдары «Мәңгілік Ел» пәнінің оқу бағдарламасын, тұжырымдамасын жасап, осы аттас оқулық жазып шығарды. Ал енді өміршең «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын оқытудың, оны жас ұрпақ санасына сіңірудің қандай тиімді жолдары бар? Оқу үдерісі қандай мәселелерді қамтуы керек, пәннің басты мақсаты мен міндеттері қалай болғаны жөн, басқа да нендей өзекті мәселелер күтіп тұр, - міне, осы мәселелерге Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде еліміздің белгілі ғалымдарының, жоғары оқу орындары ректорларының қатысуымен өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда тұшымды пікірлер айтылды. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы ҚР жоғары білім саласындағы жүйе құрушы фактор: оның мәселелері мен іске асыру перспективалары» тақырыбында өткен бұл конференцияны ашқан жоба авторы, университет ректоры, академик Серік Жайлауұлы Пірәлиев «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын оқу үдерісіне енгізудің маңыздылығына тоқталды. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Ә.Н.Нысанбаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Ж.Ж.Молдабеков, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жалпы педагогика кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қ.Қ.Жампейісова, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің кафедра меңгерушісі, профессор Қ.Қ.Бегалинова, белгілі ғалым, профессор С.С.Сатыбалдин, Абай атындағы ҚазҰПУ психология ғылыми-зерттеу институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, ҚРҰҒА корреспондент-мүшесі Ж.Г.Намазбаева, Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Г.В.Хан және басқалар өздерінің тақырыптық баяндамаларында Президент Н.Ә.Назарбаев ұсынған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының ғылыми негіздерін жан-жақты талдап, жоғары оқу орындарында «Мәңгілік Ел» пәнін арнаулы пән ретінде оқытудың маңыздылығына тоқталды. Конференцияда «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын оқу үдерісіне енгізу жөнінде жаңашылдық бастама көтеріп, арнаулы оқу құралын шығарыап, оқу бағдарламасы мен тұжырымдамасын жасаған Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Серік Жайлауұлы Пірәлиев пен университет ғалымдары атына көптеген жақсы лебіздер айтылды.
   Конференцияға қатысушылар болашақ мамандардың бойында ұлттық сана-сезім, патриоттық рух, азаматтық пен әлеуметтік белсенділік қалыптастыру мақсатымен оқу үдерісіне «Мәңгілік Ел» пәнін енгізуді құптаған, ҚР Білім және ғылым министрлігінен оны жоғары кәсіби білім беру стандарттарына енгізу жөнінде ұсыныс жасаған қарар қабылдады. «Мәңгілік Ел» оқулығы бірауыздан мақұлданды.

 

 

 

 

ҚАЗАҚСТАН ЖОО-ЛАРЫНДА

«Мәңгілік Ел» ҰЛТТЫҚ ИДЕЯСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ

ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

 




Кері оралу