қазақша · русский · english
 
 
 
23.04.2019

Педагогика кафедрасының апталығы

 

15-20 сәуір аралығында, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Педагогика және психология институтының педагогика кафедрасының апталығы өткізілді.


Апталықтың мақсаты: болашақ педагогтардың мұғалім мамандығына қызығушылығын дамыту, олардың кәсіби қасиеттері мен құзіреттіліктерін қалыптастыру; кафедраның мектеппен қарым-қатынасын нығайту; Педагогика кафедрасы мен Университеттің басқа кафедралары арасындағы байланысты нығайту; Халықаралық ынтымақтастықты нығайту: ғылыми-зерттеу бөлімін ілгерілету.

 

Осы апталық барысында мынадай іс-шаралар өткізілді:

 

15 сәуірде Педагогика және психология институтының «Педагогика кафедрасының апталығы» шеңберінде «Сын тұрғысынан ойлауды дамыту» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді. Тренингті Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Үздіксіз білім беруді дамыту орталығының меңгерушісі - п.ғ.к., доцент, деңгейлік тренер Зауреш Имжарова (бұрынғы педагогика кафедрасының ізденушісі, ғылыми жетекшісі К.К.Жампеисова) өткізді.

 

16 сәуір күні педагогика кафедрасының профессоры Гүлмира Саудабаева «Болашақ мамандардың көшбасшылық қасиеттерін дамыту» тақырыбында ғылыми - әдістемелік семинар өткізді.  Ғылыми-әдістемелік семинардың мақсаты - болашақ мұғалімнің көшбасшылық қасиеттерін дамыту. Болашақ мұғалімнің кәсіби қызметінің жоғары сапасына қол жеткізу үшін білім берудегі көшбасшылықты дамытуға үлкен көңіл бөлу қажет (Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Финляндия, Сингапур сияқты көптеген дамыған елдерден тәжірибеден өткен). Бүгінгі күнде жоғары білікті педагогтарды дайындау үшін білім беру мекемелерінде мектеп көшбасшылығын жетілдіру талап етіледі.

 

17 сәуірде педагогика кафедрасының меңгерушісі Корлан Жампеисова «Ұлттық тәрбие беру: Мәңгілік Ел» пәні бойынша қорытынды сабақ өткізді, онда төмендегідей конкурстар болды: 1) «Менің Қазақстаным» үздік эссе; 2) «Мәңгілік Ел» пәнінің бір тақырыбына үздік презентация; 3) «Менің қалам - Алматы» атты үздік бейнеролик; 4) өздерінің ұлттық ерекшеліктерін және азаматтық сәйкестігін дамыту мақсатында осы пән бойынша берілген сұхбатты көрсету.

 

18 сәуірде Алматы қаласы мектептерінің мұғалімдері үшін «Жастардың ұлттық сана-сезімін қалыптастырудің моделі мен технологиясы» тақырыбында ғылыми семинар өткізілді. Семинарды педагогика кафедрасының меңгерушісі Корлан Жампеисова жүргізді.  Семинардың мақсаты: мұғалімдерге «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының құндылықтарын, Елбасының «Рухани Жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры»еңбектерінің негізгі бағыттары бойынша білім алушылардың ұлттық сәйкестігін қалыптастырудың жаңа теориясы мен технологиясын таныстыру. Бұл теория мен технологияны педагогика кафедрасының жетекші ғалымдары әзірленген. Семинар өте жоғары деңгейде өтті. Алматы қаласындағы Білім берудің жаңа технологиялары ғылыми-әдістемелік орталығының дирекциясы қала мектептерінің мұғалімдеріне арналған осындай семинарларды жүйелі өткізу туралы сұраныс берді.

 

19 сәуірде «ХХІ ғасыр дағдылары. Білімгер білуі тиіс әдістер» тақырыбында университет студенттермен кафедра апталығында тренинг жүргізілді. Тренингті профессор Айман Берікханова және аға оқытушы Саят Ибраимов жүргізді. Тренингтің мақсаты оқытушылар мен болашақ мұғалімдерді ХХІ ғасырдың дағдыларын сандық технология қолдану арқылы қалыптастырудың қолданбалы тәсілдерімен таныстыру болды. Студенттердің оқу- жаттығуларын құрастыру тәжірибесін байыту үшін практикаға, бірлескен жұмысқа және ғылыми зерттеулерге негізделген тренингтер бүгінгі күнде маңызды болып саналады.

 

   

 

   

 

   

 

   




Кері оралу