қазақша · русский · english
 
 
 
02.05.2018

Түлектер Форумы

 

Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдық мерейтойына арналған онкүндік «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы» түлектерінің Форумымен жалғасты.

 

Форумның ашылуы сәуірдің 26 күні Педагогика және психология институты қабырғасында өтті.

 

Форум кафедраның әр жылдағы түлектерінің шеруімен ашылды. Абай атындағы ҚазҰПУ-інің бірінші проректоры Мақтағали Бектемесов Форум қатысушыларын құттықтап, оның салтанатты түрде өтіп жатқанын атап өтіп, Форум жұмысына сәттілік тіледі.

 

«Түлектер Ассоциациясы» Қоғамдық ұйымдар төрағасы Болатбек Нұрбатыров бұл шараның түлектер жетістігіне арналып, университет қабырғасында ұйымдастырылып отырған алғашқы Форум екенін атап өтті. Ол БОПӘ мамандығының барлық түлектерін осы ұйымға мүше болуға және ассоциацияның жұмысына, сондай-ақ үздік бітіруші курс студенттеріне қолдау көрсетуге шақырды.

 

Әрі қарай Форумның қонақтары - кафедраның алғашқы түлектері қатысушыларды өз жетістіктермен таныстырды. 1988 жылғы түлектер өздерінің Қоянбаев Ромсеит Мұхамеджанұлы, Мендекинова Рабиға Таурбайқызы, Рахметова Сағира Рахметқызы, Қдырбаева Азаткуль Ахметовна сынды алғашқы оқытушыларының ұстаздық қамқорлықтарын, үлгі-өнегелерін асқан құрметпен атап өтті. Сонымен бірге өздерінің алғашқы кураторы - Аутаева Акбота Нурсултановнаны да назарларынан тыс қалдырмады.

 

Форум жұмысы «Менің жетістіктерім» тақырыбындағы таныстырылымдармен жалғасты. 1990 жылғы түлек Алматы қаласы, М.Әуезов атындағы №128 жалпы білім беретін мектептің оқу ісінің меңгерушісі Нұрзат Сатпаева; 1992 жылғы түлек І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Қалибек Ыбраимжанов;1991 жылғы түлекпедагогика ғылымдарының кандидаты, Алматы технологиялық университеті қауымдастық профессоры Махинур Низамова;1995 жылғы түлек Алматы қаласы, № 133 мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Ельмира Бапиева; 1992 жылғы түлек педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Бауыржан Сайдахметов өз жетістіктері жайлы әңгімелеп берді. Олардың барлығы да университетте оқыған жылдарын аса жылылықпен, сағынышпен еске алатындарын атап кетті.

 

Форум жұмысы әрі қарай төмендегі бағыттар бойынша түлектер мен студенттер арасындағы пікір алмасу жұмысымен жалғасты:

1.«Ғылым жолы -менің таңдауым» - ғылымсаласында жетістікке жеткен түлектер;

2.«Мұғалімнен басшылыққа дейін..» - басқару саласында жетістікке жеткен түлектер;

3.«Мамандығыммен мақтанамын...» - үздік ұстаздар, тәжірибелі мұғалімдер, білікті мамандар.

 

Студенттер мен магистранттар Форум қонақтарына мамандық, педагогикалық қызметте кездесетін проблемалар, заманауи педагогтың бойында болуы тиіс кәсіби қасиеттер, қазіргі заман балаларымен жұмысты ұйымдастыру шаралары жайлы сұрақтар қойды.

 

Форумның келесі кезеңі - «Үйретері мол білікті маман» атты шеберлік-сыныптар болды, оны мамандықтың 1993 жылғы түлектері Алматы қаласы, Алатау ауданы №180 жалпы білім беретін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, Шолпан Идрисова мен Алматы қаласы, №149 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Алма Қалықова; 1995 жылғы түлек, М.Мақатаев атындағы №140 гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Айкүміс Бесірова өткізді. Шебер-сыныпқа қатысқан студенттер мамандық таңдауда қателеспегендіктерін, өз мамандығына басқаша көзбен қарағанын, өз бойларына сіңірген кәсіби қасиеттерін бағалап, болашағына деген бағыт-бағдары пайда болғанын айтты.

 

Форумның салтанатты жабылуында мамандығымыздың алғашқы қарлығаштарының бірі, 1988 жылғы түлегі, БОПӘ кафедрасының меңгерушісі Әзия Жұмабаева Форумның ұйымдастырушылары мен қатысушыларына алғыс білдіріп, әр түрлі жылғы түлектердің бірлесе жемісті жұмыс жасағандарын атап өтті.

 

         

 

         

 

         

 

         




Кері оралу