қазақша · русский · english
 
 
 
19.02.2024

«Шеберлік шыңы» республикалық семинар-практикум

 

2024 жылдың 15 ақпанында Алматы қаласы Алатау ауданы №185 жалпы білім беретін мектеп ұжымы «Білім берудегі басымдықтар: сауаттылық және құзыреттілік» тақырыбында республикалық семинар-практикум ұйымдастырды. Педагогика және психология институты «Бастауыш білім беру» кафедрасы мен аталмыш мектеп арасында жасалған екіжақты меморандум бойынша бұл мектеп кафедраның филиалы болып табылады. Осыған орай, Педагогика және психология институты бастауыш білім беру кафедрасының аға оқытушысы, PhD Ж.К. Астамбаева семинарға шақырылған қонақ ретінде барып қайтты.

 

Семинар-практикум жұмысын мектеп директоры Д.Р.Кержикеева ашып берді. Семинар қонақтары РПШДО басшысы Ж.Ф.Кошкимбаев, «Көреміз» бағдарламасының өкілі С.Өкенұлы, Алматы қаласы Алатау аудандық білім бөлімінің бастауыш сыныптар жөніндегі әдіскері Ә.Б.Рысбаева мен аға оқытушы, PhD Ж.К.Астамбаева семинар-практикум жұмысының маңыздылығына тоқталып, спикерлерге сәттілік тіледі.

 

Семинардың мақсаты - бастауыш сынып педагог-шеберлерінің жаңашыл жұмыс тәжірибесін тарату. Семинар үш бөлімнен тұрды: бірінші бөлімде қазіргі таңда өзекті болып отырған мәселенің бірі - инклюзивті білім беру, екінші бөлімі - оқушылардың оқу мен жазу дағдыларын қалыптастастыру, үшіншісі - сабақтарда функционалдық сауаттылықты дамыту жолдарына арналды.  Семинарға әртүрлі мектептердің 17 шебер-педагогтары өз тәжірибесімен бөлісіп, алдын-ала үш топқа бөлінген семинар қонақтары мен қатысушыларымен интербелсенді түрде жұмыстар жүргізіп, мәселелерді талқылауға қатыстырды, пікірлерін тыңдады, кері байланыс жасатты.

 

Семинар-практикум алты жарым сағатқа созылды. Іс-шара өте жоғары деңгейде өтті. Семинарға қатысушылар бастауыш сынып оқушыларына сапалы білім мен саналы тәрбие берудің жаңа қырларымен танысты, жас мамандар өз педагогикалық іс-әрекетіне азық болардай мол тәжірибе жинақтады. Семинар соңында Республикалық педшеберлікті дамыту орталығы Ж.Ф.Кошкимбаев қатысушыларға сертификат берді.   

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  




Кері оралу