«ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПРАКТИКА-КӘСІБИ ҚҰЗІРЕТТІЛІККЕ ҚАДАМ»
Педагогикалық практика түрлерінің оқу жоспарына бірізділікпен жүйелі енгізілуі болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудың ең басты алғашарты болып табылады. Сондықтан да бастауыш сынып мұғалімін дайындау мақсатындағы әрбір педагогикалық практиканың өзіндік ерекшеліктері, мақсат, міндеттері мен мазмұнының жүйесі болашақ маманның кәсіби іскерліктерінің дамып жетілуіне ықпалын тигізеді.
Биылғы оқу жылында 5В010200 - Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығы бойынша педагогикалық практиканың төмендегідей түрлері қарастырылған:
1. «Педагогикалық қызметке кіріспе» оқу практикасы (1-курс, 4 ж.)
2. «Кіші мектеп жасындағы оқушы тұлғасын психологиялық-педагогикалық диагностикалау» оқу практикасы (1-курс, 3 ж.).
3. «Тәрбие жұмысының әдістемесі» оқу практикасы (1-курс, 3 ж.).
4. «Практика-1» оқу-педагогикалық практикасы (2-курс, 3 ж.,4ж.)
5. «Бастауыш сыныпта сабақ беріп көру» пед.практикасы (3-курс, 4 ж.).
6.«Баланың мектептегі алғашқы күні» пед.практикасы (4-курс,3-курс, 3ж.).
7. «Өндірістік практика мамандандырумен» (4-курс, 3-курс, 3ж.).
Педагогикалық практиканы студенттердің меңгерген теориялық білімдеріне негіздей отырып, бірізділікпен ұйымдастыру студенттерге мектептегі оқу-тәрбие үдерісінің ерекшеліктерімен бірте-бірте танысуға мүмкіндік береді.
Биылғы оқу жылында М.Мақатаев атындағы №140 мектепте өндірістік практикадан өткен 4-курс студенттері мектеп әкімшілігі мен бастауыш сынып мұғалімдерінің тарапынан ерекше құрметке ие болды. Мектеп әкімшілігі 7 студентке мақтау грамотасын тапсырып, осы мектепке студенттерді жұмысқа шақырып отыр. Өндірістік практиканың қорытынды конференциясына мектеп оқушыларымен бірге бастауыш сынып мұғалімдері келіп, өз ризашылықтарын білдірді.
Қорыта келе айтарымыз, 5В010200 - Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығындағы педагогикалық практиканың жүйесі болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігінің қажетті деңгейін қамтамасыз ететінін көреміз.
Абай атындағы ҚазҰПУ,
бастауышта оқыту педагогикасы мен
әдістемесі кафедрасының аға оқытушы
Омарова Г.Ж.