Педагогика және психология институтының онлайн-дәрісі
Онлайн-дәрісхана жұмысын Абай атындағы ҚазҰПУ зерттеу қызметі жөніндегі проректоры Ермек Бөрібаев ашып, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға шығармашылық ғылыми ізденісте жетістік тіледі. Іс-шараға қонақ ретінде экономика ғылымдарының докторы, Қазақстанның жоғары оқу орындары қауымдастығының Басқарма төрағасы, профессор Али Абишев «Заманауи педагогикалық білім беруді трансформациялаудың пәнаралық алғышарттары» тақырыбында дәріс оқуға шақырылды. Ғалым заманауи педагогикалық білім беруді трансформациялау мәселесі бойынша жүйелі және тұтастай түсінік беріп, педагогиканың басқа адамтанушы ғылымдармен терең ғылымаралық деңгейдегі байланысына тоқталды. Дәрістің таныстырылым және танымдық материалы тыңдаушылар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Пікірталасқа п.ғ.д., профессорлар Хан Н.Н., Жампеисова Қ.Қ. және Абылай хан атындағы ҚазХБХТУ профессоры Нургалиева Г.К. және т.б. ғалымдар қатысты.
Іс-шара барысында Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректор Дархан Біләловтың атынан Педагогика және психология институтының директоры Ғалия Абаева сөз сөйлеп, дәріскерге алғыс хат табыс етті. Директор өз сөзінде дәріске докторанттармен қатар басқа шетелдік және отандық жоғары оқу орындарынан ғалымдар мен докторнаттар қатысқанын алға тартты, атап айтсақ: Бакин мемлекеттік университеті (Әзірбайжан), Йогякарта ұлттық университеті (Индонезия), А.Байтурсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті, Абылай хан атындағы ҚазХБХТУ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Әл-фараби атындағы ҚазҰУ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті. Дәрісхана модераторы педагогика кафедрасының меңгерушісі Ш.Ж. Колумбаева кездесудің нәтижесін түйіндеді.
Институттың ғылым жөніндегі директор орынбасары М.А. Абсатова мұндай іс-шаралар жалғасын табатынын атап өтті.