«Аутизм спектріндегі бұзылыстары бар балаға қолдау көрсету» оқу курсы басталды
2022 жылдың 5-13 желтоқсан күндері аралығында Абай атындағы ҚазҰПУ Педагогика және психология институтының Арнайы және инклюзивті білім берудің оқу-зерттеу зертханасы базасында Қазақстандық қолданбалы мінез-құлық талдау мамандарының қауымдастығымен бірлесіп «Аутизм спектріндегі бұзылыстары бар балаға қолдау көрсету» оқыту курсы басталады.
Аутизм - әртүрлі психикалық функциялардың біркелкі қалыптаспаған, өзіндік эмоционалды - мінез-құлық, сөйлеу және кейде интеллектуалдық жетіспеушілігі бар психикалық дамудың ерекше түрі. Аутизиге шалдыққан балаға уақтылы (ерте жастан бастап) психологиялық көмек көрсету өте маңызды. Осындай жұмыстың нәтижесінде аутизмге шалдыққан балада қарым-қатынас дағдылары қалыптасады. Жеке психологиялық-педагогикалық қолдаудан кейін ғана, баланы ары қарай әлеуметтік ортаға - балабақшаға немесе мектепке жіберуге болады. Мұндай психологиялық-педагогикалық жұмыс көп жағдайда мамандар мен ата-аналардың құзыреттілігінің жетіспеушілігіне байланысты уақытылы жүргізілмейді.
Курстың мақсаты - аутизмге шалдыққан балалармен жеке және топтық жұмыс істеуге қажетті құзыреттіліктерді қалыптастыру; олардың мінез-құлқын түзетуге арналған ғылыми дәлелденген әдістемелермен таныстыру; қолданбалы мінез-құлық талдауы (ABA) сарапшыларының әлемдік тәжірибесін талқылау.
Ұсынылған курс ата-аналарға; аутизм спектріндегі бұзылыстары бар балалармен жұмыс істейтін мамандарға; психология және арнайы педагогика бағытының білім алушыларға, оның ішінде магистранттар мен докторанттарға арналған.
Курстың лекторлары - п.ғ.д., доцент, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Педагогика және психология институтының директоры Абаева Ғалия Әскербекқызы; мінез-құлық талдаушысы, мінез-құлық бағдарламаларының кураторы, «Росток» АБА орталығының директоры Ахметова Жанат Бойхановна; мінез-құлық талдаушысы, «Росток Атырау» АБА орталығының директоры, BCBA толық жоғары кәсіби курсын бітірген Утебаева Умирлазат Умиргалиевна.
Өткізілетін уақыты мен күні: 5-13 желтоқсан 2022 жыл, сағат 10:00-17:00.
Өткізу форматы: офлайн, теориялық курс + практикалық сабақтар.
Өтетін орны: Алматы қ.,Төле би көшесі, 31, №19 аудитория.