қазақша · русский · english
 
 
 
21.10.2020

«Бастауыш білім және бизнес» ашық алаң диалогы

 

Биылғы жаңа оқу жылынан бастап білім беру бағдарламаларын кеңейту мақсатында білім және әлеуметтік, экономикалық және бизнес пәндерін кіріктіру, пәнаралық тұрғыдан келу жүзеге асырылып, университетімізде «6В01300-Пәндік мамандырылмаған мұғалімдерді дайындау» мамандығы бойынша «6B01302-Бастауыш білім бизнес инновациямен» білім беру бағдарламасымен білім алушылар контингенті қабылданған болатын.


Осыған орай, 2020 жылдың 16 қазанында  Педагогика және психология институтының «6B01304-Бастауыш білім бизнес инновациямен» білім беру бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студенттермен онлайн форматта «Бастауыш білім және бизнес» атты ашық алаң диалогы ұйымдастырылды.


Іс-шараның «Кәсіби маманмен сұрақ-жауап» айдарында Атамекен Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының бизнес-тренері Жолдасбекова Гулбахыт студенттердің сауалдарына жауап беріп, Атамекен Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының жас мамандар мен жас кәсіпкерлерге ұсынып отырған мүмкіндіктері туралы тоқталып өтті. Сонымен қатар, университетіміздің «Құқықтану» кафедрасының доценті Жазылбек Ләззат арнайы «Зияткерлік меншікті қалыптастыру үшін студенттердің кәсіпкерлік ойлау қабілеттерін дамытудың өзектілігі - бастауыш білім беру саласындағы инновациялық шағын кәсіпкерліктің негізі» тақырыбында баяндама жасап, студенттерімізді қызықтырған сауалдарына да жауап берді.


Ашық алаң диалогына қатысып, ой-пікірімен бөліскен университетіміздің Білім беру бағдарламаларын жобалау департаментінің директоры, экон.ғ.д., профессор Байдильдина Адиля, «SKILLS ACADEMY» ЖШС мекемесінің директоры Төлеген Берікбол мырзаға, ұйымдастырушы профессор Жұмабаева Әзия және модератор аға оқытушы Эльмира Уайдуллақызына, қатысушы Кәсіби даярлау бөлімі «Бастауыш білім беру бағдарламасы» студенттеріне алғыс білдіреміз.

 

   

 

   




Кері оралу