Педагогика және психология институтында 4- желтоқсан күні Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Амирова Амина Слямханқызының ұйымдастыруымен «Бастауыш мектеп оқушысының қазіргі әлеуметте даму мәселелері» тақырыбында онлайн жүйесінде шеберлік сыныбы өткізілді. Шеберлік сынып аталмыш мамандықтың 1курс докторанттарымен және 2 курс магистранттарымен өтті. Сонымен қатар, онлайн жүйесінде еліміздің педагогикалық оқу орындарының оқытушылары мен білім алушылары қосылып қатысты. Атап айтар болсақ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, А.Яссауи атындағы қазақ-түрік халықаралық университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институттары қосылып, белсене ат салысып қатысты. Дәріс төмендегі жоспар бойынша мәселелерді қамтыды:
1.Әлеумет және әлеуметтену ұғымдарының сипаттамасы;
2. Әлеуметтену тұжырымдамасы;
3. Әлеуметтену траекториясы;
4. Инклюзивті білім беру;
Алғашқы сұрақ бойынша әлеумет, әлеуметтену ұғымдарына жан-жақты сипаттамалар беріп, анықтамалар талданып, әлеуметтену деңгейлері, топтары, факторлары, соның ішінде, бастауыш мектеп оқушысының әлеуметте дамуына әсер етуші факторлар талданып, талқыланды. Бұл мәселелер жөнінде қатысушылар да өз ойларын ортаға салды. Қорыта келе, жеке тұлғаның әлеуметтенуі - әлеуметтік-қоғамдық рөлді игеруі, өзіндік құндылық, тұғыр, әлеуметтік қарым-қатынасқа белсенді қатысуы арқылы әлеуметтік «Мені-нің» қалыптасуындағы, өмірге өзінің қатысты екендігін түсінуі болып табылады
Екінші сұрақ бойынша, шетелдік және отандық философ, әлеуметтанушы, педагог, психолог ғалымдардың әлеуметтік тұжырымдамалары талданып, салыстырылды.
Үшінші сұрақ бойынша, алдымен траектория сөзіне анықтама беріп, оның әлеуметтенуге, соның ішінде тұлғаның әлеуметтенуіне қатысын түсіндіріп өтті. Және осыған сай ғалымдарың тұжырымдамаларын талдап, әлеуметтенген траекторияның көрсетілген объективті және субъективті факторларына талдау жасау арқылы тұлғаның өткені мен бүгінгі күнгі әлеуметтенуінің траекториясын ғана емес, сонымен бірге болашақтағы әлеуметте дамуының бағытын біле аламыз деген қорытындыға келдік.
Төртінші, соңғы сұрақ бойынша, инклюзивті білім беру, оның негізгі қағидалары мен еліміздегі қазіргі жайы сөз болды. Қорыта келе, елімізде қолға алына бастаған инклюзивті білім беруде мұмкіндігі шектеулі балаларды жалпы орта мектепте барлық оқушылармен бірдей оқуға жеткізу мемлекеттік деңгейде көтеріліп отырған мәселе болғандықтан, болашақ бастауыш сынып мамандарын оқу-әдістемелік тұрғыда дайындау жоғары оқу орнының міндеттерінің бірі, - деп санаймыз.
Қатысушылар Блум таксономиясы бойынша тақырыпты қорытындылады. Шеберлік сыныптың өте жоғары деңгейде өткенін айтып, профессорға тың ақпараты мен жаңа, пайдалы мәліметтері үшін алғыс білдірді.