қазақша · русский · english
 
 
 
29.11.2022

Мектептегі ашық сабақ

 

2022 жылы 24 қарашада Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Математика», «Физика» және «Информатика» мамандықтарының студенттері педагогикалық практикадан өтіп жатқан Алматы қаласының №12 мамандандырылған гимназияның 10-шы сыныбына «Мәтіндік есептер шығару» тақырыбында ашық сабақ өтті.


Ашық сабақ «Мансап» орталығының бастамасымен «Мұғалім - қоғам көшбасшысы» тақырыбының аясында өткізілді. Мақсаты - болашақ мұғалімдердің өзгермелі әлеуметтік өмірге тез бейімделуіне жағдай жасау, кәсіби қызметтің жеке шығармашылық стилін, инновациялық ойлауды қалыптастыру, студенттермен интерактивті өзара іс-қимыл мен ынтымақтастыққа бағытталған педагогикалық процеске жүйелі көзқарас таныту. Ашық сабақты ұйымдастыруға институттың практика жетекшілері профессор м.а. Шырын Шекербекова, аға оқытушылар Индира Сәлғожа, Рымкул Капарова, Гүлнар Шойынбаева белсенді араласты.


Ашық сабақ сайыс сабақ ретінде өткізілді. Сабақ барысында оқушыларды үш топқа бөліп, әр топқа шығаруға математика, физикадан есептер берілді және сол есептерді Python программалау тілінде программалауға тапсырмалар берілді. Практиканттар сабақ өту барысында оқытудың белсенді әдістерін пайдаланып, өздерінің педагогикалық шеберліктерін көрсетті. Мұндай пәнаралық байланыс қамтылған кіріктірілген сабақтар оқушының функционалдық сауаттылықтарын, жалпы құзіреттіліктерін қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, мұндай сабақтар оқушы өмірлік мәселелермен кездескенде, әрбір пәннен алған білімін саралап жатпай, бойындағы интегративті білімін, жалпы білімі мен дағдысын кеңінен пайдалануға үйретеді. Сабақ соңында оқушылар, жалпы сабақтың ұнағандығын, жиірек ұйымдастырылып тұрса деген пікірлерін білдірді. Оқушылар белсенділік танытқандары үшін әр топ алғыс хаттармен марапатталды.

 

Сабаққа университетіміздің «Мансап» орталығының маманы Ақбота Мақұлбек, информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының меңгерушісі Нұржамал Ошанова, аға оқытушы Нұргүл Құрманғалиева, математика, физика және информатиканы оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушылары Алмагүл Ардабаева, Гүлнүр Жанбекова, психология кафедрасынан Саулет Түкебаева, №12 мамандандырылған гимназияның пән мұғалімдері Бати Казахбаева (математика), Кайниса Акмешова (информатика), Мұхтар Иманбаев (физика) қатысты.

 

  alt=  




Кері оралу