қазақша · русский · english
 
 
 
06.04.2016

 

ӘЛ-ФАРАБИДІҢ МАТЕМАТИКАЛЫҚ МҰРАСЫ

      Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Математика, физика және информатика институтының кафедра меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Есен Ықыласұлы Бидайбековтың жобасы бойынша осы институттың ғалымдары Алматы қаласындағы Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебімен тікелей байланыста жұмыс істеп келеді. 2015-2016 оқу жылында жаңа ашылған Назарбаев зияткерлік мектебінде институттың ғалымдары жиі болып, мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстарына, ізденістеріне бағыт-бағдар беруде және физика, математика, информатика пәндерін терең игерулеріне көмек көрсетуде.
    Жуырда ғана Назарбаев зияткерлік мектебінде «әл-Фарабидің Математикалық мұрасы - рухани құндылық» тақырыбында математика және информатика пәндерінің онкүндігі болып өтті. Онкүндікті ұйымдастыруға мектептің математика және информатика пәндерінің мұғалімдерімен қатар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Есен Ықыласұлы Бидайбеков бастаған Информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының ғалымдары белсене атсалысты. Пленарлық мәжілісті ашқан физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Әбдіғали Шойынбайұлы Ақыш Назарбаев зияткерлік мектебінің ұжымы мен оқушыларын онкүндіктің ашылуымен құттықтап, оларға табыс тіледі. Профессор Е.Ы.Бидайбеков ғұлама ғалым әл-Фарабидің математика ғылымдарына қосқан өлшеусіз үлесі және оның бүгінгі маңызы туралы жан-жақты баяндап берді.
     Ғалымның айтуынша, әл-Фараби мұсылман Шығысындағы, Орта Азия мен Қазақстандағы алдыңғы қатарлы қоғамдық-философиялық ойлардың негізін салушылардың бірегейі. Ол өзінің бүкіл саналы ғұмырында таңғажайып табиғи-математикалық және натурфилософиялық шығармаларды, олардың ішінде «Ғылымдардың шығуы», «Музыканың ұлы кітабы», «Птоломейдің «Алмагестіне» түсініктеме», геометриялық салулар бойынша трактаттар және басқа да ғылыми жауһарларды дүниеге әкелген ұлы ғалым.
      Осы орайда білім беруді, оның ішінде, математикалық білім беруді отандық ғалымдардың жаңалықтарымен, оның ішінде әл-Фараби сияқты ғұлама бабаларымыздың еңбектерімен толықтырып, оқыту мазмұнын байыту, жастарға соның негізінде патриоттық сезімді сіңіре отырып, оларды ғылыми-әдістемелік зерттеулермен айналысуға жұмылдыру күн тәртібіндегі өзекті мәселе екендігі даусыз. Бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының ғалымдары осы олқылықтың орнын толтыру үшін жан-жақты ізденуде.
     Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы «Математика және математикалық модельдеу» институтының Бас директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Тынысбек Шәріпұлы Қалменов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Механика-математика факультетінің деканы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Мақтағали Әбдімәжитұлы Бектемесов өз сөздерінде физика-математика және информатика ғылымдары қарыштап дамыған бүгінгі таңда да әл-Фараби математикалық мұраларының маңызы зор болып отырғанын айтып, бұларды бүгінгі ұрпаққа оқытудың маңызы зор ерекше екеніне тоқталды.
      «Әл-Фараби әлемі» тақырыбындағы ғылыми-әдістемелік семинарда Абай атындағы ҚазҰПУ 2 курс магистранты Қайрат Үмбетовтың «Әл-Фарабидің математикалық мұрасы - информатиканы оқыту үдерісінде», 1 курс магистранты Роза Төребекованың «Әл-Фараби мұрасы бойынша музыка теориясының арифметикалық негіздері», 1 курс магистранты Толқын Шолпанқұлованың «Әл-Фарабидің кеңістік фигурасы сфераны бөлу туралы есептерін үш өлшемді компьютерлік графика арқылы көрсету» тақырыбындағы баяндамаларында ұлы ғалымның математикалық және геометриялық еңбектерін бүгінгі ғылым мен оқу үдерісінде пайдаланудың маңыздылығы жан-жақты ашылып көрсетілді. Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Меліс Ахметәлі, Сандуғаш Аңдамасова және Сұңқар Тұрсынғали жасаған «Геометриялық салу есептерінің компьютерлік ортасы», «Әл-Фарабидің синус 1 градустың шамасын есептеу алгоритімі» «Әл-Фарабидің дұрыс көпбұрыштарды салу алгоритімдері» тақырыптарында жасаған баяндамалары мектеп шәкірттерінің әл-Фарабидің математикалық мұраларына деген қызығушылығының арта түскенін көрсетті.
         Мектеп пен жоғары оқу арасында байланыс орнату бүгінгі таңның басты талабы дейтін болсақ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Назарбаев зияткерлік мектебімен белсенді қарым-қатынасты жолға қоюы құптарлық бастама.

 

Мырзахан АХМЕТ,
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті
Ақпарат орталығының
жетекшісі, журналист

 




Кері оралу