|
Математика, физика және информатика факультеті | |
25.03.2016
Халықаралық білім беру кластері аясында 2016 жылдың 16 наурызында тұңғыш рет Қазақстан мен Ресейде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (Алматы, Қазақстан), В.П. Астафьев атындағы Красноярск мемлекеттік педагогикалық университеті (Красноярск, Ресей), Лесосибирск педагогикалық институты - Сібір федералдық университеті филиалы (Лесосибирск, Ресей) және Алматы, Красноярск, Лесосибирск және Ачинск қалаларының бірқатар мектептерінің базасында және де IT-бизнес өкілдерінің қатысуымен көрсеткіш эксперименттік мега-сабақ өткізілді. Халықаралық білім беру кластерінің Қазақстандағы қатысушылары: Абай атындағы ҚазҰПУ информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы (Е.Ы. Бидайбеков, Г.Б. Камалова, Б.Ғ. Бостанов), докторанттары мен магистранттары және Ш.Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияның 10 сынып оқушылары және информатика мұғалімі (Г.К. Маметова). Басты бағыт берушінің рөлін информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының «6D011100-информатика» мамандығының PhD докторанты Ж.К. Аккасынова атқарды. Мега-сабақ тақырыбы мен мақсаттары - оқушыларға ойын бағдарламаларын программалауды оқыту, педагогикалық ЖОО студенттері, магистранттарына мега-сабақтар жүргізу технологиясын оқыту және қашықтықтан тьютор болу рөлін меңгеру, мектеп информатика мұғалімдерінің желілік және бұлтты технологиялар саласындағы біліктіліктерін арттыру, ЖОО оқытушыларының бірлескен зерттеулері және олардың идеяларын болашақтың білім беруін дамыту үшін жүзеге асыру. Мега-сабақты өткізу барысында алғы сөз жобаның ғылыми жетекшісі педагогика ғылымдарының докторы, В.П. Астафьев атындағы КМПУ информатика және білім берудегі ақпараттық технологиялар базалық кафедрасының профессоры Николай Инсебович Пакқа берілді. Осыдан кейін Digital Mind Development IT-фирмасының менеджері Маргарита Хамитова оқушыларға бағдарламашы кәсібі туралы әңгімеледі. Ал, физика-математика ғылымдарының кандидаты, В.П. Астафьев атындағы КМПУ информатика және білім берудегі ақпараттық технологиялар базалық кафедрасының доценті Дмитрий Вальеревич Романов ойын бағдарламаларын жасау кезеңдері туралы шеберлік сабағын өткізді. Халықаралық мега-сабақты осындай формада ұйымдастыру мен жүргізудің негізгі идеясы мектеп оқушылары үшін меңгерулеріне қиын соғатын программалау тақырыбы бойынша оқу мотивацияларын арттырудан көрініс табады. Мега-сабақтың халықаралық сипатқа ие болуы шекараларды жойып, бірлескен ынтымақтастыққа қол жеткізу мақсатында шетел университеттерімен байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Әр мектепте бірнеше мектепішілік топтар құрылды және де білім беру кластерінің құрамындағы әртүрлі мектептердің оқушыларынан құралған бір халықаралық топ жасақталды. Оқушылар ойын бағдарламаларын жасаумен байланысты танымдық, оқу-зерттеу, практикаға бағдарланған, шығармашылық іс-әрекеттерге жұмылдырылды. Әр топқа тьюторлар қызметін атқаратын ЖОО-ның студенттері мен магистранттары бекітілді. Ендігі кезекте, 2016 жылдың 13 сәуірінде программалау бойынша қорытынды мега-сабақ өткізу жоспарлануда. Аталған мега-сабақта мектеп оқушыларынан құралған топтардың студенттер, магистранттар, информатика мұғалімдері мен ЖОО оқытушыларының жетекшілігімен орындаған бірлескен жұмыстарының қорытындысы шығарылады.
Кері оралу
|
|
|