қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
28.01.2022

Студенттік үйірмелер ғылымға деген қызығушылықты арттырады


Абай университеті студенттердің таңдаған мамандықтарына және ғылым саласына деген қызығушылығын арттыру үшін үлкен жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Жаратылыстану және география институтының «Химия» білім беру бағдарламасы тобында студенттерге арналған «Химия ғажайыптары» ғылыми-зерттеу үйірмесі жұмыс жасайды. Студенттік ғылыми-зерттеу үйірмесіне жетекшілік ететін оқытушылар: Жақсибаева Жанар, Ахтаева Маржан және Ұзакова Әсем.


Үйірменің мақсаты - білім алушылардың заттар мен химиялық өзгерістер әлеміне қызығушылығын арттыру, зертханалық техника бойынша қажетті практикалық біліктер мен дағдыларды игеру. Міндеттері - студенттердің химиялық реактивтермен және заттармен қауіпсіз және сауатты жұмыс істеу дағдыларын жақсарту; шығармашылық әлеуетін, коммуникативтік біліктерін, танымдық белсенділігі мен дербестігін дамыту; студенттерге өз қабілеттерін тексеруге мүмкіндік беру. Күтілетін нәтижелер: үйірме сабақтарында қалыптасқан химиялық білімдер мен біліктерді студенттер практикалық қызметте және күнделікті өмірде қолдана алады, оларды табиғатта және тұрмыста болып жатқан химиялық құбылыстарды түсіндіруге үйретеді, сондай-ақ жастардың экологиялық мәдениетін арттырады.


Осы ғылыми-зерттеу үйірмесінің негізінде жыл сайын студенттермен Химиктер күніне арналған «Химия таңғажайып әлем» мерекелік кештер ұйымдастырылып, интеллектуалды ойындар өткізіледі. Кеште түрлі қызықты химиялық эксперименттер, сиқыршының таңғажайып фокустары, көрермендерге арналған көңілді ойындар мен викториналық сұрақтар болады. Бұл шаралардың студенттерді пәнге деген қызығушылығын арттыруға және логикалық ой-өрісін дамытуға, ойын элементтері арқылы өздігінен ізденуге, шапшаңдыққа, тапқырлыққа үйретуде маңызы зор.