қазақша · русский · english
   
Клуб туралы

      «ШАҢЫРАҚ» ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мәдени-тағылымды клубы 2016 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Психология және педагогика институты Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі кафедрасында 1 курс магистранттарының ерікті бастамасымен құрылған.

     Әр ұлттың өзінің ұлттық құндылықтары болады. Бір ұлтты екіншілерінен ерекшелендіріп тұратыны оның: тілі, ертегілері, мақал-мәтелдері, лиро-эпостық және батырлар жырлары, әдет- ғұрпы, салт-санасы, менталитеті, мәдениеті, өнері, тағамдары, ұлттық қолөнері, тұрмыстық бұйымдары, ұлттық ойындары, т.б. өзгелерге ұқсамайтын қасиеттері. Осылардың бәрі - ұлттық құндылықтарға жатады.Ұлттық құндылықтарды әр ұлттың ата-бабалары өздерінің өмір сүру салтына байланысты шығарып, пайдаланып, дамытып ұрпақтарына мұра етіп қалдырып отырған. Сондықтан ұлттық құндылықтар сол ұлттың меншігі болып есептеледі. Оны әр ұлттың ұрпақтары сақтап, заманына қарай дамытып отырулары керек. Егер халық өздерінің ұлттық құндылықтарын жоғалтып алса, ол халық - «ұлт» деп саналмайды. Сондықтан әр ұлт өздерінің ұлттық құндылықтарын сақтауға тырысады, әрі қорғайды.Жапонның әйгілі медицина ғалымы Гау Щияу Иде Илаң қазіргі заманғы озық аспаптарды қолдана отырып зерттеу жүргізген. Оның зерттеуі бойынша «Сәби өмір есігін ашпас бұрын, ана құрсағында жүріп тербеліске түседі. Алайда өмір есігін ашқан соң жарық дүниеге бірден үйлесе алмайды. Сондықтан оны ана құрсағындағыдай әлдилеп, тербетіп отыру керек» деген қорытынды жасайды. Міне, қазақ халқының ұлылығы, осы процестерді өзінің өміріне пайдаланып, бала жарық дүниеге бейімделгенше, бесікке бөлеп, тербетіп отырған.Қазіргі ұрпақтың, ХХІ ғасырдағы қазақ ұрпағының міндеті - экономикамызды дамыта отырып, ұлттық құндылығымызды қорғап, дамытып, сақтай отырып әлемдік қауымдастыққа кірігу. Егер ұлттық құндылығымызды сақтай алмасақ жаһандануға жұтылып кетеміз. Жаһандануға жұтылып кетпей, президентіміздің алдыға қойған мақсаты «Мәңгілік Ел» болып қалу үшін ұлттық құндылықтарымызды сақтап, қорғай білуіміз керек. Себебі, ұлттық құндылық - ұлттың тірегі!    

 

 Клуб мақсаты - ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, саналы, тағылымды ұрпақтарды қалыптастыруға үлес қосу. 

 

   КЛУБ МІНДЕТТЕРІ:

  • Жастардың салауатты өмір салтын ұстануына бағыттайтын арнайы семинарлар ұсыну;
  • Жастар мен жасөспірімдерге арналған суицидпен күресу мақсатында ұлттық тәрбиеге негізделген арнайы семинарлар ұйымдастыру;
  • Интеллектті дамыту мен қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізу;
  • Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін арнайы семинарлар ұйымдастыру;
  • Діни экстремизмге қарсы бағытталған діни сауаттылықты қалыптастыру мақсатында арнайы дін мамандарымен кездесу ұйымдастыру.