Жаңалықтар
Тәрбие және спорттық жұмыстар Үстіміздегі 2016/2017 оқу жылында университет қабырғасында дене шынықтыру мен спортты дамытуға кафедра тарапынан үлкен көңіл бөлініп отыр. 2016/2017 оқу жылына арналған кафедраның тәрбие жұмысының жоспары университетіміздің тәрбие ісі жөніндегі проректорына қарасты «Тәрбие ісі, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты басқармасымен» бірлескен түрде талқыланып бекітілді. Спорттық үйірмелердің кестесі бекітілді. Студент жастарды отансүйгіштікке спорт арқылы тәрбиелеу мақсатында Атап айтқанда, спорт түрлерінен үйірме саны былтырғы жылға қарағанда 17-ден 20 жетті. Қазіргі уақытта университетте 20 спорт түрі бойынша үйірме жұмыс істейді. Бұл спорттық үйірмелерде 398 студент ұл-қыздарымыз жаттығуда. Онда 6 ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 5 ҚР құрметті спорт қызметкері, 2 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 10 ҚР спорт шебері студент жастарды спорттың қыр-сырына баулып жүр. Сонымен қатар спортшы-студенттеріміздің санымен қоса сапасы да артып келеді. Атап айтқанда, бізде спорт түрлері бойынша 6 ҚР спорт шебері, 18 спорт шеберлігінен үміткерлер бар. Соның ішінде бір студентіміз қазақ күресінен ұлттық құрама команданың сапында өнер көрсетіп жүр. Алдағы 2017 жылы өтетін ҚР ЖОО 9-шы универсиадасына дайындық басталып кетті. Осыған орай, университетіміздің басшылығы осы үлкен жарысқа қарсы кафедраның материалды-техникалық жағынан жабдықталу жағына, спортшы-студенттеріміздің командалық спорттық киімдермен қамтамасыз етілуіне және жарыстарға қатысуын қаржыландыруға үлкен көңіл бөлсе нұр үстіне нұр болар еді. 2016/2017 оқу жылы басталғанына үш айдан аса уақыт өтті. Осы азғана уақыт аралығында Сауықтыру дене мәдениеті кафедрасы Тәрбие әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты басқармасымен бірлесе отырып университет және қала деңгейінде бірнеше спорттық шаралар өткізіп, ұйымдастыру істеріне араласты. Кафедра өзінің бекітілген жылдық жоспарынан басқа университет басшылығы, Медеу ауданы және қала басшылығының өтінішімен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Алматы қаласының 1000 жылдығы аясында бірқатар спорттық мерекелік іс шараларды ұйымдастырып өткізді және қатысты (9 кесте). Осы істелінген шаралар тәрбие ісі жөніндегі проректор Ж.Е.Ішпекбаевтың тікелей басшылығымен және тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты басқармасымен бірлесе қатысуымен өткізілді. Университетіміздің қызметкерлер кәсіподағының төрағасы Б.Б.Нұрбатыров аталған іс-шараларға өзінің қолдауын көрсетіп отырды.
Сонымен қатар, кафедра ҚР БҒМ «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығымен» тығыз байланыста жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы қараша айының 3-4 аралығында осы мемлекеттік мекеме тарапынан «Дене шынықтыру мен спорттың бүгінгі таңдағы өзекті мәселелері» тақырыбында ұйымдастырылып өткен Республикалық семинар-кеңеске кафедра меңгерушісі мен кафедраның спорттық істерге жауапты адамы қатысып қайтты. Онда еліміздегі дене шынықтыру мен спорттың қазіргі жағдайы, алдағы келе жатқан ЖОО универсиадасына дайындық мәселелері көтерілді. Жоспар бойынша осы оқу жылында кафедраның барлық профессорлар-оқытушылар құрамы спорт түрлері бойынша университет біріншілігін өткізуі көзделіп отыр. Сондай-ақ, осы жылдың қараша айында біздің университет қабырғасында Сауықтыру дене мәдениеті кафедрасы ұжымы қазақ күресінен Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлын еске алуға арналған қалалық турнирді және ырғақты гимнастикадан университет біріншілігін жоғары деңгейде ұйымдастырып өткізді. Желтоқсан айының бірінші декадасында «Спартак» спорт кешенінде Олимпиадалық спорт түріне жататын таеквондо спортымен шұғылданатын студент-жастардың тұңғыш рет белбеуге тапсыру аттестациясы және университетіміздің ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған кеокушинкай-каратэден республикалық турнир жоғары кәсіби деңгейде өткізілді. Сонымен бірге, ҚР ЖОО жазғы универсиадасына қатысып, жалпыкомандалық есепте жүлделі орындарға ілігу жоспарланып отыр. 2017 жылы қаңтар айының 29 мен ақпан айының 8-і аралығында елімізде студент-спортшылар арасында тұңғыш рет 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындары өтеді. Әлемдік масштабтағы бұл үлкен жарыстың жоғары деңгейде өтуіне университетіміз, оның ішінде Сауықтыру дене мәдениеті кафедрасы үлкен үлес қосады деп сенемін.
|