Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Д.Н. Назарбаеваның баяндамасы
Қымбатты ұстаздар, құрметті кеңеске қатысушылар! Бүгін біз білім саласына бар өмірін арнаған Сіздермен білім берудің өзекті мәселелерін талқылаудамыз. Қазақстандықтар мен мемлекетіміз үшін зор маңызы бар білім беру саласында біз сіздермен бірлесе жұмыс істейміз. Бұл салада тез шешуді қажет ететін мәселелер аз емес. Десек те, біз даму жолдарын көріп отырмыз. Тамыз кеңесі білім беру мәселелерін талқылайтын ашық пікір алаңына айналды. Сіздер білесіздер, өткен күзде білім беруді жетілдірудің алдағы төрт жылға арналған жаңа Мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарламада мектепке дейінгі білім беруден бастап, балалар құқығын қорғау, педагог кадрларының біліктілігін арттыру, білім берудің электронды жүйесін енгізу, мектеп аттестациясымен қатар көптеген мәселелер қамтылды. Біз бұл Бағдарламада сіздердің пікірлеріңізді барынша қамтуға тырыстық. Ол үшін сіздермен кең көлемде талқылау өткізілгенін білесіздер. Жаңа мемлекеттік бағдарлама - сіздермен бірігіп жасаған еңбегіміздің нәтижесі деуге болады. Сондықтан, осы Бағдарламаның мақсаты мен міндетін бүгін қайталап айту қажет емес деп санаймын. Мен бүгін жалпы қоғамды толғандыратын біраз мәселелерге тоқталғым келеді. 1. Ең алдымен, бізге мұғалім мамандығының абыройын көтеру, лайықты еңбек ақымен қамтамасыз ету, уәждемелер, мектептің материалды-техникалық базасын нығайту жұмыстарын жалғастыра беру керек. Бұл үшін: - білім беру мекемелерінің ұйымдастыру-құқықтық мәртебесін өзгерту, - жан басына арналған қаржыландыруды енгізу, - ата-аналар комитеті мен қоғамды мектепті басқару ісіне белсенді қатыстыру, - қаржыландыру процесін жетілдіру үшін барлық мектептерді паспорттаудан өткізу және қаржы сұрақтары бойынша шешім қабылдаудың субъективизмін жою үшін барлық мектептерді паспорттандыру мәселелерін пысықтау жоспарлануда. Ең басты мақсат - білім сапасын арттыруға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін осы процеске мектептерде өз тарапынан белсенділік көрсетулері тиіс. Қазіргі уақытта Мемлекет Басшысының дамыған 30 елдің қатарына кіру тапсырмасы бойынша мектептердегі үлгерімге Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) стандарттары мен бағалау критерийлері енгізілуде Бүгін бәріміздің - педагогтар қауымдастығы мен бүкіл қоғам алдында «Мінсіз мектеп» моделін бірлесіп дайындау міндеті тұр. Бұл бағыттағы алғашқы қадамдар жасалуда. Мектептегі білім берудің бірыңғай жаңартылған стандарты енгізілуде. Ол әлемдегі ең үздік әдістемелер бойынша дайындалып, ойлау мен функционалды сауаттылықты дамыту және баланың өз әлеуетін ашуға бағытталған. 2. Мемлекет пен бизнестің өзара әрекетін кеңейту қажет. Қазір экономика қиын кезеңді бастан өткеруде, сондықтан мемлекет барлық мәселені бизнесті тарта отырып, яғни Мемлекеттік жекеменшік әріптестікті дамыта отырып шешу қажет. Біздің қоғам мектептер мен балабақша салу - абыройлы да әрі қайырымды іс екенін түсінді. Біздің бизнес өзінің әлеуметтік жауапкершілігін сезінетіні қатты қуантады. Алайда, жеке бизнес үшін жақсы жағдай жасай отыра, инвесторлардың қызығушылығын тудыру өте маңызды. Мемлекеттің қазіргі міндеті - осы салаға өз қаржысын әкелетіндерге ыңғайлы жағдай жасау. Бұл жерде жергілікті атқарушы органдарға ерекше жауапкершілік жүктеледі. Білім және ғылым министрлігі дайындаған Мемлекеттік жекеменшік әріптестіктің қаржылық моделін әкімдіктер тиімді жүзеге асыру үшін министрлік пен әкімдіктер арасында бірлескен жұмыс қажет. Біз осы жұмыстың жақсы нәтижесін көріп отырмыз. Қазір әрбір үшінші балабақша - жекеменшік. Алайда олардың да кемшіліктері жоқ емес. Бірақ, мектепке дейінгі білім берумен балаларды жүз пайыз қамтамасыз ету үшін Мемлекеттік жекеменшік әріптестіктің болашақта даму потенциялы өте жоғары. Қазір Мемлекеттік жекеменшіктік әріптестіктің аясында электронды білім беру жүйесі енгізіліп жатыр. Бұндағы негізгі элемент ұстаздардың жұмысын жеңілдететін - электронды күнделік. Пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін 700-ден астам мектеп тартылды және жоба мұғалімдер тарапынан жоғары баға алды. Сонымен қатар, бұл жобаны жүзеге асыру мемлекет тарапынан қаржы шығындарын талап етпейтіні маңызды. 3. Талқылаудағы үнемі болатын тақырып - оқулықтар мен оқу жоспарының сапасы. Тақырып өте өзекті және бәрімізге жақын. Себебі балаларымыздың жақсы да және сапалы оқулықпен оқығанын қалаймыз. Бұл мәселені де шешу кезеңі басталды. Биыл бірінші сыныптың барлық оқушылары бірыңғай базалық оқулықпен оқитын болады. Бұл оқулықтарды әзірлеу барысында бұрын айтылған кемшіліктердің барлығы ескерілді. Бүкіл өңірлердегі мектептер сапалы оқу құралдарымен бірдей қамтамасыз етілетін болады. Қазіргі уақытта бірыңғай оқулықтардың 95% баспадан шықты. Ал олардың мектептерге уақытында жеткізу Министрлікпен әкімдіктің қатал бақылауында болуы керек. Қазір екінші сынып оқушылары үшін оқулықтар дайындау жұмысы басталды. Бұл жұмыстар жоғары деңгейде орындалуы тиіс, себебі оқулықтарда қарапайым грамматикалық және фактілік қателер болмау керек. Осы жұмыстарды білім беру саласындағы бақылау комитеті қалың қоғамды тарта отырып, жүргізу қажет. Біз ақпараттық технологиялар дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Еліміздің алдыңғы қатарлы мектептерінде видеоматериалдар мен интерактивті тапсырмалар бұрыннан қолданылады. Бұл жағдай ұстаздардың жұмысын жеңілдетеді әрі оқушыларға ақпараттарды оңай жеткізе алады. Барлық мектептер осындай технологиялар және жабдықтармен қамтамасыз етілетін болады. Жаңа жабдықтар біздің жағдайымызға бейімделген үздік сандық білім беру ресурстарына оперативті кіруге мүмкіндік береді. Бұл қала мектептерінде де, ауыл мектептерінде де білім беру сапасын жоғары деңгейге көтеруге көмектеседі. 4. Ұлттық бірыңғай тестілеу де өзгереді. Биыл ҰБТ жаңа форматта өтті. Тиісті балл жинай алмаған оқушылар үшін қайтадан тест тапсыру және жоғары оқу орнына (ЖОО) түсу мүмкіндігі қарастырылды. Келер жылдарда біз ҰБТ-ны толық ауыстырамыз, ал мектеп бітірушілер электронды тестілеу жүйесіне өтетін болады. Қазіргі уақытта Білім және ғылым министрлігінде мемлекеттік-жеке меншіктік әріптестіктің электронды тестілеу желілерінің орталығын құру бойынша жобасы қаралу үстінде. 5. Келесі өзекті тақырып - қоғамдық резонанс туғызған тақырып, яғни үштілді білім беруді енгізу. Бұл полемикада көптеген түсініксіз мәселелердің болуына бізден де кінә бар. Бұл түрлі пікірлер мен айтысты туғызды. Үш тілде білім беру кезең-кезеңмен жүзеге асады және ең алдымен 10-11 сыныптарда ғана, тек 2019 жылдан басталады. Осы мәселелер бойынша әлі де түсіндіру жұмыстарын ұстаздар мен оқушылар, олардың ата-аналарына да қоса жүргізу қажет. Жұмысты жандандыру үшін біздің әлі екі жылдан астам уақытымыз бар. Осы уақыттарда біз қолдан келетін жағдайлардың бәрін жасауға тырысамыз, біз ұстаздарды қажетті біліммен даярлайтын боламыз. Қазірдің өзінде мұғалімдер белсенділік танытып жатыр. 5 мыңнан астам ұстаз өздері тілек білдіріп, 4-9 айлық тілдер курсына жазылған. Бұл кезде олардың жұмыс орны мен еңбек ақысы сақталады. Біздің жоғары оқу орындарында ағылшын тіліндегі оқу бағдарламалары белсенді енгізіліп келеді. Ұстаздардың дайындық деңгейін біз 2018 жылы бағалаймыз және сараптама нәтижесін Ел Басына баяндаймыз. Сондықтан дүрбелең жасауға ешқандай негіз жоқ. Қазақ тіліне ештеңе кедергі келтірмейді: керісінше, орыс тілді мектептерде мемлекеттік тілді оқытуды күшейту жоспарланып отыр, әрі бұнда қосымша қазақ әдебиеті мен Қазақстан тарихы қазақ тілінде оқытылатын болады. Білім және ғылым министрлігі тілді оқытудың жеңілдетілген заманауи әдісін дайындап жатыр. 6. Тағы да бір өткір мәселе бар. Қазақстанда 8 мың жетім бала бар. Өздеріңіз білесіздер, бізде жаңа саясат жүргізілуде. Біздің мақсатымыз - әрбір бала отбасында өсу үшін жағдай жасау. Бұл жұмыстар да өз жемісін беруде. Қазақстанда алғаш рет қажетсіздіктен балалар үйі жабыла бастады. 7. Техникалық және кәсіби білім. Бүгінгі таңда елімізде 20 мыңнан астам жастар мектеп бітіргеннен кейін, біліктілікке ие болмай отыр. Олардың бәріне де мемлекет есебінен тегін алғашқы кәсіптік-техникалық білім беру мүмкіндігі жасалады. Бұл үшін қазіргі заңнамаға өзгеріс енгізу керек, сонда 2017 жылдың қыркүйегінен бастап әрбір жас кәсіптік білімді тегін алатын болады. Жалпы алғанда, өздеріңіз көріп отырсыздар, жоспарлар өте көп. Олардың бәрін де орындауға болады. Оларды жүзеге асыруды тездету керек, ал табысты болуы Сіздер мен біздерге қатысты болмақ. Құрметті ұстаздар! Бүгінгі таң мен үшін жерлесіміз Данияр Елеусіновтың жеңісі туралы қуанышты жаңалықпен басталды. Мені биылғы Олимпиададағы жастарымыздың жеңісі өте қуантады. Осы сәтті пайдаланып біздің олимпиада чемпиондарына, олардың ата-аналарына, жаттықтырушыларына және мұғалімдеріне алғысымды білдіргім келеді - әсіресе ұстаздар олар қазақстандық мектептерді бітірген сіздердің шәкірттеріңіз. Кәсіби спорт жастардың алдында үлкен перспективаларға жол ашады. Сондықтан да мектеп, колледж, жоғары оқу орындарындағы бұқаралық спортқа көп көңіл бөлген маңызды. Бұл үлкен таланттардың шығуына, елімізді әлі талай әлемге танытатын чемпиондардың шығуына мүмкіндік береді. Біздің туымыздың бүкіл әлем алдында аспанға көтерілген шақта қуаныштан «көзіне жас келмейтін» адам жоқ шығар сірә. Бұл сіздердің де жұмыстарыңыздың жетістігі. Сіздер ұлттың айнасы, тірегі және үміт артқан жандарысыздар. Өздеріңізге сенімді болыңыздар. Сонда сіздер бәрінде бағындырасыздар, сонымен қатар ағылшын тілін де меңгересіздер. Дұрыс сөйлемеймін деп акценттен қорықпаңыздар, бойыңыздағы үрейге қарамай, алға ұмтылыңыз. Үрей ол табысқа жетуге кедергі жасайды. Сіздердің қолдарыңыздан барлығы да келеді. Мен сіздерге сенемін. Құрметті ұстаздар! Маған Министр Сағадиев туралы азғантай жақсы пікірімді білдіруге рұқсат етіңіздер. Ол кісі жас, көпті көрген және көп білетін, жақсы отбасынан шыққан, мықты ұстамды адам. Білім беруді дамыту мәселесіне келгенде біз бір ойдан шығып жатамыз. Оған қазір оңай болмай тұр. Қаптаған сындарға екінің бірі төзе бермейді. Адамдардың алаңдаушылықтарын бізде түсінеміз. Сеніңіздер, осы маңызды саланы дамыту үшін біз дұрыс жолды таңдадық. Ерлан Кенжеғалиұлына қолдау көрсетсеңіздер. Бұл қазір өте маңызды! Ешқандай реформа бірден нәтижесін бермейді. Бұл процесс ұзақ әрі күрделі. Білім беруді дамытудың жаңа бағдарламасы аз дегенде 11 жылдан кейін жемісін береді, 1 қыркүйекте мектепке 1 сыныпқа баратын бүлдіршіндер жаңа жағдайда білім алады және 11 жылдан кейін мектеп партасынан шығып үлкен өмірге қадам басады. Өмір өздігінен кемшіліктерді жөндеп, тиісті түзетулерін жасайды. Құрметті педагогтар! Барлығыңызды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Сіздерге еліміздің игілігі үшін атқарып жатқан жұмыстарыңызға табыс, отбастарыңызға береке, бірлік тілеймін. Сіздерге осы мұғалім мамандығын таңдағандарыңыз үшін үлкен алғысымды білдіремін.
|