қазақша · русский · english
   
Біз туралы

Тарих факультеті еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің іргетасы ерте қаланған факультеттерінің бірі. 1934 жылы Республикада алғашқы институт қабырғасында тарих-география факультеті болып ашылып, 1935 жылдан 1956 жылға дейін тарих факультеті, 1956-1968 жылдар аралығында тарих-филология, ал 1968 жылдан күні бүгінге дейін тарих факультеті болып жас ұрпаққа сапалы білім беріп келеді. Факультеттің алғашқы деканы - 1928-1931 жылдардағы ҚазМУ-дың (ҚазПИ) тұңғыш ректоры, Қазақстан тарихы бойынша тамаша зерттеулердің авторы профессор С.Ж. Асфендияров болды. Оның ұйымдастыруымен факультеттің алғашқы оқу бағдарламасы мен жұмыс жоспары жасалып, оқу-әдістемелік құралдары әзірленді. Факультеттің негізі қаланып, қалыптасуында өзіндік із қалдырған тұлғаның бірі - Қазан қаласындағы Шығыс педагогика институтының түлегі, тарихшы Х.М. Әділгереев. Ол факультетті басқаруда шебер ұйымдастырушылық қабілет таныта отырып, факультетті білікті тарихшылардан құралған ғылыми-зерттеушілік және жоғары білімді кәсіби тарихшылар дайындайтын орталыққа айналдыра білді.
Соғыс жылдарында институтта мамандар санының азаюына байланысты КСРО-ның әртүрлі қалаларынан эвакуацияланған көрнекті ғалымдар педагогикалық қызметке тартылды. Олардың арасында тарих факультетінде академиктер А.М. Панкратова, Е.В. Тарле, А.А. Соколов, Г.А. Какиев, доценттер Я.Я. Зутис, Б.П. Гуревич және т.б. студенттерге дәріс оқыды. 1947/1948 оқу жылында тарих факультетінің студенттері қазақ халқының біртуар азаматы, тарих ғылымдарының докторы Ермұқан Бекмахановтың да дәрісін тыңдады. Кезінде студенттер С.Б. Бәйтіков, Х.М. Әділгереев, Н.Қ. Киікбаев, Ж. Амантаев, А.П. Чижов, С.Қ. Бақшылов, Н. Жүкенов, Г.М. Лызлов, А.Н. Коваленко, А.А. Ахметжанов, О.С. Сексенбаев, Т.Ж. Шойынбаев, И.И. Копылов, Ж.Қ. Қасымбаев және т.б. оқытушылардан білім алды.
1938 жылы факультет өзінің алғашқы 16 түлегін ұядан ұшырса, сол уақыттан бастап бірнеше мыңдаған мамандар даярлады. Қазақстанның көптеген ғылыми, саяси, қоғамдық және іскер элитасы тарих факультетінің түлектері. Кеңестер Одағы Батырларының қатарынан да тарих факультетінің түлектерін кездестіреміз. Олар: Л. Жолдасов (Дунай өзенінен өту кезіндегі ерлігі үшін), С. Шәкіров (Днепр өзенінен өту кезіндегі қаһармандығы үшін), А. Құсайынов (Мелитополь қаласын азат етудегі ерлігі үшін), Р. Тоқатаев (Чехословакияны азат етудегі ерлігі үшін). Тарих факультетінің соғыстан кейінгі түлегі А.Н. Нүсіпбеков кейіннен ірі зерттеуші, ҚР ҰҒА академигі, ҰҒ Академиясының Вице-президенті болса, А.Ғ. Тұмарбеков - генерал-майор, белгілі мемлекет қайраткері.
Факультет бүгінгі таңда:
Факультет құрылған күннен бастап елімізге жоғары білікті тарихшы мамандар даярлау ісінде алдыңғы қатарда келе жатыр.
Қазіргі таңда факультет 5В011400-тарих, 5В020300-тарих және 5В050500-аймақтану мамандықтары бойынша бакалавр мамандар дайындайды.
Студенттер контингенті 600-ден асады. Оның ішінде 390-нан аса студент күндізгі, 211-ден аса студент сырттай бөлім оқу түрі бойынша білім алуда. Факультеттегі 80-нен астам оқытушылар құрамында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының 1 академигі, 20 ғылым докторы, профессорлар және 55 ғылым кандидаты, доценттер еңбек етеді. Олардың ішінде 7 профессор-оқытушылар «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанып, мемлекеттік грантқа ие болды. Факультетте ғылыми дәрежесі бар оқытушылар 83 пайызды құрайды.
Оқу үдерісі заман талабына сай жаңа ақпараттық технологияға негізделген интерактивті оқыту формасын белсенді түрде енгізу арқылы білім берудің кредиттік жүйесіне негізделген. Мамандарды дайындау оқытудың заманауи технологияларын пайдалану арқылы екі тілде жүргізіледі.
Факультетте 2011/2012 оқу жылынан бастап таза ағылшын тілінде сабақ оқытылатын топтар құрылған, оларға білікті оқытушылар арнайы пәндерді шет тілінде жүргізеді.
Тарих мамандығының студенттері халықаралық және республикалық пән олимпиадаларында бірнеше рет жүлделі орындарды иеленіп, оқу орнымыздың мерейін асырды.
Факультет ұжымы «Елімізге қажетті кадрларды дайындау!» деген ұранға сай болып «Қазақстан-2050» Стратегиясының жүзеге асуына қызмет етуде.
Тарих факультетінде үш кафедра жұмыс жасайды:
1. Академик Т.С.Садықов атындағы Қазақстан тарихы
2. Әлем тарихы
3. Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер
2011/2012 оқу жылынан бастап 2 орталық жұмыс жасайды:
1. Инновациялық технологиялар және толеранттық білім беру орталығы
2. «Ұлы дала өркениеттері» - тарихи-археологиялық ғылыми зерттеу орталығы
Факультет төмендегі мамандықтар бойынша бакалавр мамандарын дайындайды:
5В011400 - тарих
5В020300 - тарих
5В050500 - аймақтану (араб, қытай, парсы және жапон тілдері қоса оқытылады).