қазақша · русский · english
   

БАТЫР - ҒАЛЫМНЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ

Кеңес Одағының Батыры, көрнекті ғалым және қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдық мерейтойы Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 70 жылдығымен сәйкес келіп отыр.
Ол - тек ғылым, әдебиет, мәдениет саласының майталманы ғана емес, кешегі Ұлы Отан соғысындағы елдік, ерлік, батырлық рухын көтеруде күллі қазақ ұлтының айбынын асқақтатқан ерен тұлға.
Мәлік Ғабдуллин 1935 жылы сол кездегі Абай атындағы ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетін бітіріп, 1938-1941 жылдары осында аспирантурада оқыды. Майданға осы жерден аттанды.
Ол соғысқа бастан-аяқ қатысып, Мәскеу іргесіндегі қанды шайқаста генерал И.В.Панфилов басқарған даңқты дивизия құрамында қаһармандықтың асқан үлгісін көрсетті. Сол кездегі алғашқылардың бірі болып Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атаққа ие болды.
Соғыстан кейінгі жылдарда есеңгіреген ел, тұраланған халық шаруашылығымен қатар, отандық білім-ғылым саласы да аса ауыр кезеңдерді бастан өткеріп жатқан болатын. Осындай қиын кезеңде елге қайта оралған майдангер-ғалым республикамыздың білім, ғылым салаларын дамытуға бар күш-жігерін жұмсады.
1953 - 63 жылдары қазақ жоғары білімі мен ғылымының қара шаңырағы - Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында ректорлық қызмет атқарды. Ол басшылық жасаған жылдары институт даму, өрлеу, дәуірлеу, қарыштау кезеңдерін бастан өткерді.
Батыр-ғалымның 100 жылдық мерейтойына кезінде өзі оқып, білім алған, ұстаздық еткен әрі 10 жылдан аса басшылық еткен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы 2 жылдан бері қызу дайындық үстінде. Университет ректоры, академик Серік Жайлауұлы Пірәлиевтің тікелей басшылығымен оқу орнында Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин атындағы «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, жемісті жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ осы екі жылда Мәлік Ғабдуллиннің батырлық, патриоттық, отаншылдық, ғалымдық және қайраткерлік, адамгершілік тұлғасын айшықтайтын «Мәлк Ғабдуллин» деп аталатын екі томдық кітапты баспадан шығарды. Кітаптың авторлары - Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі С.Ж.Пірәлиев, ҚР ҰҒА коресспондент-мүшесі Б.Сманов, жазушы Л.Омарова.
Сондай-ақ Жеңіс мерекесі қарсаңында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Бас ғимаратында М.Ғабдуллинге Ескерткіш тақтаны қойылып, оқу орнында Батырға арналған ғылыми конференция өткізілуі де 2015 жылы бүкіл республика көлемінде аталатын Мәлік тойының бастамасы болды.
Ғылыми конференцияны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Серік Жайлауұлы Пірәлиев ашып, М.Ғабдуллиннің ерлік, қаһармандық, патриоттық дәстүрлері, ғалым-азамат, қайраткер ретіндегі ерекшеліктері туралы тебірене сыр шертті. ҚР ҰҒА акдемигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Смайылұлы Қирабаев өзінің аяулы ұстазы Мәлік Ғабдуллин туралы қызғылықты естеліктер айтты.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Мырқасымұлы Оразалин М.Ғабдуллиннің патриоттық, азаматтық қырларына тоқталды.
- Мәлік Ғабдуллин ҚазМУ-де маған да дәріс берді, - деді Н.Оразалин. - Бізді шәкірт деп қарамай, кәдімгі әріптесі сияқты тең дәрежеде сөйлесетін. Ол кісіден соғыстағы ерліктері туралы сұрағанымызда: «Нағыз Батыр Бауыржан Момышұлы ғой, оның ержүректігі, батырлығы ерекше болатын», - деп майдандас ағасын жоғары бағалаушы еді. Осының өзінен-ақ Мәкеңнің адалдығы, азаматтығы айқын сезіліп тұратын.
Конференцияда М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Уәлихан Қалижанұлы Қалижан М.Ғабдуллиннің шығармашылығы туралы мазмұнды баяндама жасады.
М.Ғабдуллиннің қызы Майдан Ғабдуллина батыр-ғалымды еске алып, құрмет көрсетіп отырған Абай атындағы ҚазҰПУ ұжымына және университет ректоры Серік Жайлауұы Пірәлиев мырзаға алғыс айтты.
Конференцияда университет шығарған «Мәлік Ғабдуллин» атты екі томдық ғылыми-танымдық кітаптың тұсауы кесілді.
Сол күні Абай атындағы ҚазҰПУ-дің Бас ғимаратында М.Ғабдуллинге арналған Ескерткіш-тақтаның ашылу салтанаты болды.
Жиынды университет ректоры, академик С.Пірәлиев ашты. Естеліктер айтылды. Ескерткіш тақтаны ашу құрметіне академик Серік Қирабаев пен Майдан Ғабдуллина ие болды. Ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
Міне, осылайша Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдық мерейтойы қара шаңырақ оқу орнынан бастау алды.