Ережелер мен реттеу құжаттары |
Оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары
Оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 25-тармақшасына сәйкес әзірленген және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқытудың кредиттік технологиясы оқу процесін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
Оқытудың кредиттік технологиясы білім алушының оқу нәтижелеріне қол жеткізуге бағытталған оқытудың жеке білім траекториясын таңдауы және дербес жоспарлауы негізінде жүзеге асырылады.
Оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастырудың негізгі міндеттері: 1) білім көлемін біріздендіру; 2) оқытуды барынша дараландыру үшін жағдай жасау; 3) білім алушылардың өзіндік жұмыстарының рөлі мен тиімділігін күшейту; 4) білім алушының оқудағы жетістіктерін оларды тиімді әрі ашық бақылау рәсімдері негізінде анықтау болып табылады.
Оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру кезінде әр оқу пәнінің көлемі академиялық кредиттердің тұтас санын құрайды. Бұл ретте 5 академиялық кредиттен кем емес көлеммен анықталады.
Бір оқу жылы шеңберінде оқу процесін ұйымдастыру Абай атындағы ҚазҰПУ Ғылыми Кеңесінің шешімімен бекітілетін академиялық күнтізбе негізінде жүзеге асырылады.
Академиялық күнтізбеде оқу жылы ішіндегі оқу сабақтарын, аралық және қорытынды аттестаттауды, кәсіптік практикаларды және оқу жұмысының басқа түрлерін өткізудің кезеңдері, демалыс күндері (демалыстар мен мерекелер) көрініс табады.
Әр академиялық кезең білім алушылардың аралық аттестаттау кезеңімен аяқталады.
Әр оқу пәні бір академиялық кезеңде оқытылады және қорытынды бақылаумен аяқталады.
Білім алушылардың қосымша білім алуға, академиялық қарыздарын немесе оқу жоспарларындағы айырмашылықтарын жоюға, басқа білім беру ұйымдарындағы оқу пәндерін оқуға және кредиттерді меңгеруге, өзі оқитын білім беру ұйымында міндетті түрде қайта сынақ тапсыруға, орташа үлгерім балын көтеруге (GPA), аралас немесе қосымша білім беру бағдарламасын, оның ішінде екі дипломдық білім беру шеңберіндегі білім беру бағдарламасын игеруге деген қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ұзақтығы кемінде 6 апта жазғы семестрді енгізуге рұқсат етіледі (бітіруші курсты қоспағанда).
Оқу жұмысы көлемін жоспарлаған кезде бір академиялық кредит оның барлық түрлері үшін 30 академиялық сағатқа тең болатыны негізге алынады. Оқу жұмысының барлық түрлері бойынша бір академиялық сағат 50 минутқа тең.
Білім алушылардың оқу жетістіктері (білімі, іскерліктері, дағдылары мен құзыреттері) халықаралық практикада қабылданған цифрлық эквиваленті бар әріптік жүйеге және дәстүрлі жүйедегі бағаларға сәйкес келетін 100 балдық шкала бойынша (оң бағалар «А»-дан «D»-ға дейін азаю арқылы және «қанағаттанарлықсыз» - «FX», «F») балдармен бағаланады.
Білім беру бағдарламасын іске асыру сапасын арттыру және білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында оқу және қорытынды бақылау процестері бөлінеді.
Білім алушылардың академиялық ұтқырлығын, оның ішінде халықаралық кредиттік ұтқырлығын ұйымдастыру
Академиялық ұтқырлығын қамтамасыз ету үшін білім алушылар басқа білім беру ұйымдарында, оның ішінде шетелде жекелеген пәндерді зерделейді.
Бұл ретте білім беру ұйымдарының арасында екіжақты шарт жасалады.
Халықаралық кредиттік ұтқырлыққа қатысу үшін қабылдаушы білім беру ұйымы қарастырған деңгейде шетел тілін білуі тиіс.
Ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алушының оқуын растайтын қорытынды құжат транскрипт немесе болған елдегі оның баламасы болып табылады.
Транскриптке оқыту бағдарламасы туралы мәліметтер: пәндердің (модульдің) атаулары, бағалар, игерілген академиялық кредиттердің саны енгізіледі.
Білім алушы академиялық ұтқырлық шеңберінде толық көлемде игерген және транскриптпен расталған оқыту нәтижелерін университет міндетті тәртіпте қайта есептейді.
|