1.2 Жоғары білімді дамытудағы жаһандық бағдарлар Жоғары білімді дамыту бағдарларын сараптау көрсеткеніндей, басқа да көптеген бағдарларды айқындайтын басты бағдар ретінде білім беру ісіндегі жаһандану үдерісі танылып отыр. Жаһандану халықаралық шоғырлануға, академиялық оңтайлылықтың өсуіне, оқу жоспарлары мен білім беруді кеңінен таратуға, білім беру ісіндегі жаңа формалар мен әдістерді пайдалану қажеттілігіне бастайды. Халықаралық шоғырлану ісіне заңдылық жағынан қуатты ықпалын тигізген халықаралық келісімшарттар мен келісімдер жасалып, іске қосылды. Олардың қатарында біртұтас жалпыеуропалық білім беру жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Маастрих келісім- шартын, жоғары білімдегі біліктілік туралы Лиссабон конвенциясын, Еуропа мен басқа да елдер үшін нақты іс жүзіндегі шоғырлану, бірлесу бағытындағы шешуші кезең болып табылатын Болон декларациясын мысал ретінде атау керек. Қазақстан Болон үдерісіне 2010 жылы қосылды, қазір оның ұстанымдары мен өлшемдерін мамандар даярлау саласына енгізу жөніндегі ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Сайып келгенде, жаһандану жалпыға ортақ дүниежүзілік білім беру кеңістігін қалыптастырады және көптеген елдердегі дәстүрлі білім беру жүйесін өзгертуге қуатты болды. XXI ғасырдағы білім беру ісінің тағы бір басты бағдары - білім беру мен тәрбиелеуде жаңа ақпарраттық технологияларды қолдану. Бұл технологиялар әрбір адам үшін тұратын мекеніне қарамастан сапалы білім алуға мүмкіндік беретін қашықтықтан оқыту технологиясының көмегі арқылы білім тарату жүйесін реттеуге жағдай жасайды. Қашықтықтан білім берудің стратегиялық мақсаты - азаматтардың өмір сүретін мекендеріне немесе кәсіби қызметіне байланыссыз білім алу құқығын қамтамасыз ету. Мұндай білім беру түрі - кеңірек демократияландырылған жүйе, ол жекелеген адамдардың білімдік деңгейіне бейімделе алады. Жаһандық экономиканың негізін қалайтын ғылыми біліктілікті жеделдету жағдайларында өмір бойы үздіксіз білім алу басыңқы мәнге ие болып отыр. Жылдам өзгеретін құбылмалы әлемде әр адам өздігінен шешім қабылдауға, ақпарат тапшы немесе шамадан тыс көп болған жағдайлардың кез-келгенінде үнемі күрделену үстіндегі мәліметтермен жұмыс істеуге үйренуі тиіс. Білім беру ісінің тағы бір даму бағдары - оны мазмұны бойынша ғана емес, білімнің әмбебаптық сипатына, халықаралық ғылыми қауымдастықтың ұжымдық күш-жүгерін жұмылдыруға негізделген оқыту әдістемелері мен ұйымдастыру формалары бойынша да интернационалдыру. Білім беру ісі білім мен технологиялардың мәселелерін, геосаяси міндеттерді шешудің де құралына айналып келеді. Жоғары білімді дамытудың басқа да аса маңызды бағдарлары: 1. Жоғары білімді демократияландыру, басқаша айтқанда, оның қамту аумағын кеңейту. Бұл барған сайын бұқаралық болып келеді. Көптеген елдерде орта мектептер түлектерінің үштен екі бөлігінен астамы жоғары оқу орындарына түседі. Қоғамның XXI ғасырдағы жаңа технологиялық негізі жалпыға бірдей жоғары білім беру немесе ең аз дегенде жоғары білімнің бірінші сатылық деңгейін меңгеру міндетін қойып отыр. 2. Білім экономикасының пайда болуы. Мұнда білім экономикалық өсудің негізгі қозғағышы ретінде физикалық ресурстар орын алмастырады. Университеттер білім экономикасының маңызды элементтері болып табылады: олар жаңа экономика үшін «жұмыс күшін» даярлайды, өздері білім қуатын беруші орынға айналады. 3. Жоғары білімдегі жоғарыда аталған бағдарлар университеттер алдына біз шешетін бірқатар елеулі мәселелерді қойып отыр: - жоғары білімнің мазмұнын, деңгейлерін, реформаларын және құрылымын диверсификациялау; - білім сапасы мен кәсіптік біліктіліктердің халықаралық салыстырмалылығына қол жеткізу; - қаржы көздерін диверсификациялау; - мейлінше заманауи білім бағдарламалары мен ғылыми зерттеулерді дамыту; - ЖОО-лар мен еңбек нарығындағы серіктестер байланыстарын нығайту. Іс жүзінде жоғарыда аталған бағдарлардың бәрі Қазақстан Республикасы жоғары білім жүйесінде де бар. Әрине еліміздің экономикасының өзіндік ерекшеліктеріне және даму деңгейіне байланысты олар басқа дамыған елдермен салыстырғанда, кейде айқын, кейде көмескі көрінеді. Сондай-ақ университеттердің жаһандану, интернационаландыру және республиканың бүкіл экономикасын түбегейлі жаңғырту үдерістерімен байланысты мәселелері біздің Абай атындағы Қазақ ұлтық педагогикалық университетіне де тән және олар оқу орнының ағымдағы жағдайына, оның болашақтағы дамуына ықпал етеді.
|