Негізгі бет
Жаңалықтар
25.12.2019 Сорбонна-Қазақстан институты студенттерінің мерекелік концерті
2019 жылдың 20 желтоқсанында Абай атындағы ҚазҰПУ Сорбонна-Қазақстан институты студенттерінің «Франциялық Рождество» мен Жаңа жылға арналған гала-концерті өтті. Концертті тамашалауға университет ректоры Такир Балықбаев пен Францияның Қазақстандағы елшісі Филипп Мартинэ қатысты.
Кешті ашқан ректор Такир Балықбаев қонақтарды, студенттер мен оқытушыларды келе жатқан Жаңа жылмен және Сорбонна-Қазақстан институтының бес жылдығымен құттықтады. Сондай-ақ, елші Филипп Мартинэ құттықтау сөз сөйлеп, бұл институттың сәтті дамып келе жатқанын және ондағы Абай атындағы ҚазҰПУ басшылығының рөлін ерекше атап өтті. Француз дипломаты барлық жиналғандарды Рождество мерекесімен және келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.
Іс-шараны ұйымдастырушылар №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерін де мерекеге шақырды, оларды «Ізгілік елшісі» жобасының еріктілері жақсы қарсы алды және Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің жаңа жылдық сыйлықтарынмен қуантты. Балалар өз ризашылықтарын бимен білдірді.
2019 жыл - «Жастар жылын» қорытындылау барысында Сорбонна-Қазақстан институтының студенттері мен оқытушыларының жетістіктері аталып өтілді. Қазақстандағы Франция елшілігінің алғыс хаттары Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Т.О.Балықбаевқа, Сорбонна-Қазақстан институтының директоры А.А.Сабитоваға және институт қызметкерлеріне тапсырылды.
Осыдан тура бес жыл бұрын, 2014 жылдың желтоқсанында Сорбонна-Қазақстан институтын екі мемлекеттің - Қазақстан мен Францияның басшылары ашқан болатын. Алғашқы жылы қосдипломды екі ғана бағдарлама жұмыс жасаса, биыл олардың саны сегізге жетіп отыр. Институт Францияның серіктес жоғары оқу орындарымен, соның ішінде: Страсбург университетімен, Пуатье университетімен, Лотарингия университетімен және басқалармен ынтымақтастықты кеңейтті. Сорбонна-Қазақстан институты бес жыл ішінде Абай атындағы ҚазҰПУ мен Қазақстандағы Франция елшілігінің ынтымақтастығы аясында Қазақстан-Француз қатынастарын нығайтуда жақсы нәтижелерге жетті. Бір жарым жыл ішінде үш қазақстан-француз форумы өткізілді, Францияның жетекші университеттерімен 15 келісімшартқа қол қойылды, екі елдің мемлекеттік органдары өкілдерінің қатысуымен көптеген имидждік іс-шаралар өткізілді.
Сорбонна-Қазақстан институты, Орталық Азия үшін бірегей халықаралық білім беру жобасы бола отырып, ғылыми-мәдени сипаттағы ірі халықаралық іс-шараларға арналған қазақ-француз диалог алаңы болып табылады. Бұл тұрғыдан алғанда, СҚИ білім беру қызметімен ғана шектелмей, Қазақстанның жоғары білімі мен ғылымын халықаралық аренаға шығаруға тырысады.
Сорбонна-Қазақстан институтының негізгі мақсаты - отандастарымызға және Орталық Азия елдерінің студенттеріне еуропалық деңгейде білім беру болса, оның білім беру бағдарламалары шетелде оқуға мүмкіндігі жоқ қазақстандық студенттерге француз тілінде сапалы еуропалық білім алуға мүмкіндік береді. Бір жылдың ішінде 20-дан астам студенттеріміз Франциядағы серіктес университеттерде тағылымдамадан өтті.
|