қазақша · русский · english
   
  Main  News
18.10.2019

ҚР Президентінің Жолдауы аясында атқарылған жұмыстар

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бірқатар маңызды мәселелер көтеріп, ЖОО-ның басшыларына нақты міндеттер жүктегені бәрімізге мәлім.

 

Қазіргі уақытта Жолдаудың «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» бөліміндегі «Білім беру сапасын жақсарту», «Отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру», «Әлеуметтік көмек көрсету жүйесін одан әрі дамыту» бағыттары бойынша Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ауқымды жұмыстар атқарылды.

 

Педагогикалық мамандар даярлаудың отандық жүйесін қалыптастыру және еліміздің білімді жастарына қолдау көрсету, оларға кәсіби бағыт-бағдар беру саясатын дамыту мақсатында университет тарапынан 10-100% дейін жеңілдіктер қарастырылды.

 

Нәтижесінде: 2019 жылы 1 курсқа 316 «Алтын белгі» иегерлері, 182 үздік аттестат және 47 үздік диплом иегерлері қабылданды. Білім сапасына келер болсақ, 12 студент ҚР Президентінің шәкіртақысын алды. 203 білім алушы оқуды үздік дипломмен бітірді.

 

Қала мен ауыл мектептеріндегі білікті педагог кадрларының тапшылығын ескере отырып, түлектеріміздің педагогикалық тәжірибесін шыңдау және «Дипломмен - ауылға» бағдарламасының аясын кеңейту бойынша арнайы тапсырмалар беріліп, жұмыстар жүргізілуде. Атап айтатын болсақ, университет түлектерінің сабақ беру тәжірибесінің жетіспеушілігіне байланысты біз 4-ші курс студенттерінің өндірістік тәжірибесінің көлемін ұзарттық. Сондай-ақ, біздің профессор-оқытушылар құрамы қала мектептерінде тәжірибе алмасуға жіберілуде. Сондай-ақ, университетте магистратура және докторантура бойынша оқуды жалғастырғысы келетін студенттерге арнайы тегін ағылшын курстары жүргізілуде.

 

Түлектерді жұмыспен қамту және жұмыс берушілермен өзара байланысты күшейту мақсатында 2019 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Mansap» мобильді қосымшасы іске қосылды, бұл университет түлектерінің жұмыс іздеуі мен жұмысқа орналасуын едәуір жеңілдетуде.


Университетті 2019 жылы бітірген 1800 түлектің 97 пайызы жұмысқа орналастырылды. Жұмыс берушілер тарапынан бос орын жәрмеңкесі арқылы 120 түлек жұмысқа орналастырылды (2018 ж -95).

 

Студенттерді әлеуметтік қолдау басты назарымызда. Аз қамтылған және көп балалы отбасыларынан шыққан білім алушыларды жатақханамен қамтамасыз етумен қатар, оқу ақысына жеңілдіктер берілді. Сондай-ақ, жақында университетіміздің Сорбонна-Қазақстан институтында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаментімен бірлесе отырып «Ізгілік елшісі» / «Акселератор добра» жобасын қолға алынды. Жобаның және қайырылымдық клубтарының еріктілері, университет ұжымы көп балалы отбасыларға және ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға көмек көрсетуде.

 

Оқытушылардың біліктілігін көтеру жөнінде университетімізде арнайы шетелдік сарапшылардың қатысуымен семинар, конференциялар, Жазғы және Қысқы мектептер ұйымдастылып, жүйелі жұмыстар атқарылуда.

 

Кадрлық әлеуетке келер болсақ, 2019 жылдың қаңтар айынан бастап университетіміздің профессор-оқытушылары мен қызметкерлеріне орта есеппен 26%-ға жалақы көтерілген болатын. Қазіргі таңда профессор-оқытушылар құрамының рейтингісінде жоғары көрсеткішке жеткен 71 оқытушымыз үстеме ақы алып отыр.

 

2019 жылдың желтоқсан айында университетіміздің профессор-оқытушылар құрамының жалақысын көтеру жоспарланып отыр.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқу-тәрбие жұмысының өзегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы болып отыр. Оның аясында студенттердің өзін-өзі басқаруын жетілдіру, бұқаралық спортты дамыту және студенттердің шығармашылық әлеуетін арттыру, студенттерді әлеуметтік қолдау мақсатында тұрақты жұмыс жүргізілуде.

 

Ашықтық пен қол жетімділікті қамтамасыз етуде университет басшылығы барлық байланыс коммуникацияларын қолданып, қоғаммен тұрақты байланыс орнатуда.