қазақша · русский · english
   
  Main  News
21.10.2015

Аман жүрсін қарттарым!

 

"Ауылыңның маңында төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең, Ауылыңда ақылгөй қария болса, жазып қойған хатпен тең", - деген нақыл сөзде айтылғандай, қарттар - өткеннің куәсі, бүгіннің айнасы. Биыл Халықаралық Қарттар күнінің жарияланғанына 25 жыл толып отыр.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті филология институтының 3-курс студенттері Алматы қалалық Ардагерлер үйінде "Аман жүрсін қарттарым..." атты мерекелік кеш ұйымдастырды. Мерекелік кеште институтымыздың маңдай алды, талантты студенттері өз өнерлерін ортаға салып, көңілдерін мұң шалған қарттарымыздың жүздеріне қуаныш ұялатып, көңілдерін көтеруге барынша тырысты. Асыл қарттарымызға қызықты сұрақтар қою арқылы жастық шақтарына да саяхат жасауға мүмкіндік туғызды.
Бойларында жастықтың оты әлі де сөнбеген ардагерлеріміз бізбен бірге қосыла ән шырқап, би билеп, сахнаның көркіне айналды. Студенттеріміздің өнерлеріне тәнті болған аяулы қарттар өз балаларын көргендей қуанып, алғыстарын жаудырды, әрқайсысы бата-тілектерін аямады.
Студенттердің өнеріне тәнті болған Ардагерлер үйінің тұрғыны Бейіс Дариға Бақтыбайқызы өзінің жыр шумақтарын тебірене оқыды:
Қош болыпты сіздердің келгеніңіз,
Көтерілді біздің де көңіліміз.
Ардақ тұтып , аялап үлкендерді,
Әрқашан да сыйласып жүрейік біз.
Оты кетіп жастықтың шоғы қалды,
Сүйіктісін еске алған жылынады.
Жүрегінде жыры бар жазылады,
Кеудесінде нұры бар айығады.
Қосылды сол шоққа бүгін жалын,
Сәулеге нұр қосылып шырқалды ән.
Еске салып өмірдің махаббатын
Жыры көп қазағымның бізге айтатын.
Сол жырды жеткіздіңіз бүгін бізге,
Одан артық не керек үлкендерге.
Жастарымыз шаттыққа бөленумен,
Үмітпен қарайды бұл өмірге.
Жиі келіп біздерге тұрыңыздар,
Құрыңыз біздің үйде әннен базар.
Айтамыз сіздерге арнап сан баталар,
Ән салып жүзге дейін жасаңыздар!
Игі істің бастаушысы болған ұстаздарымыз педагогика ғылымдарының докторы Рахметова Райгүл Сәдуақасқызы мен филология ғылымдарының кандидаты Жиренов Саян өздерінің жүрекжарды тілектерімен кеш соңын қорытындылады. Ал студенттеріміз асыл қарттарымызға арнаған сыйлықтарын табыс етіп, шағын дастарқан төріне шақырды.
Бұл өмір - сынақ. Біреуге бақ беріп, асқақтатса, біреуге зар беріп, есеңгіретеді. Тағдыр тәлкегі мойнына қаншама қыл бұрау салғанымен, шыдап көтеретіндері некен-саяқ. Сол шыдап көтеретіндері - ардақты қарттарымыз. Кешімізді сол кісілерге денсаулық тілеп, амандықтарына тілекші екенімізді сезіндіріп аяқтадық. Әр істің қайыры бар демекші, бұл игі іс-шарамыз тоқтап қалмай, әрі қарай да өз жалғасын табады деген сенімдеміз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

3-курс 7-топ студенттері Тойлыбай Арайлым, Қаражан Жансая