Main /
Mass media about us
10.12.2024 БҰҰ-ға жаңа импульс беру үшін орта державалардың рөлін арттыру керек. Сарапшылар пікірі
Ең қуатты үкіметаралық ұйым - БҰҰ-ның атқаратын рөлі, маңызы қашанда бүкіл әлемді толғандырып келеді. Соңғы жылдары халықаралық ұйымның қызметіне қатысты пікірлер алуан түрлі. Өйткені соңғы жылдары халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, адам құқықтарын қорғау, әлеуметтік-экономикалық даму, қоршаған ортаны қорғау бойынша әлемде шиеленіс көбейді. Осыған байланысты Қазақстан әлемдік тәртіп өзгеріп жатқан қилы кезеңде сырттан бақылап отыр алмайды. Керісінше, әділ әрі тұрақты ғаламдық жүйенің белсенді, әрі салмақты қатысушы болуға ұмтылады. Бұл жайында Мемлекет басшысы халықаралық маңызды жиындарда үнемі айтып жүр. Жақында ғана Доха форумының сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, БҰҰ қызметінің мән-маңызы мен орта державалардың алдағы уақытта атқаратын рөлі туралы айтты.
- БҰҰ әмбебап ұйым ретінде адамзат үшін өте қажет. Өкінішке қарай, ірі державалар әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты толық сақтай алмай отыр. Бүгінгі ғаламдағы ахуал көптеген елді, соның ішінде Қазақстанды да алаңдатады. Қазір әлемнің жікке бөлінуі күшейіп тұр. Жан-жаққа шашыраған соң көпжақты халықаралық институттардың беделі түсіп барады. Ірі державалар бір мәмілеге келе алмай жатқан кезде, ортадағы түйткілдің түйінін тарқтауға орта державалар дәнекер бола алады. Ал бүгінгі ахуал көптеген елді, соның ішінде Қазақстанды да алаңдатады. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымы реформалауды қажет етеді. Ірі державалар арасында ымыраластық болуы керек деп санаймыз. Олардың келісімге келе алмауы салдарынан Қауіпсіздік Кеңесі тығырыққа тірелді. Қазақстан сияқты орта державалар аймақтық деңгейде, сондай-ақ жаһандық кеңістікте бейбітшілік пен қауіпсіздікті ілгерілетуде өте маңызды рөл атқара алады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай ақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік саудадағы түйткілдерге тоқталды. Қазақстанның сыртқы саясатына, Украина мен Таяу Шығыстағы жағдайды реттеуге қатысты қойылған сауалдарға жауап берді. Катардағы бас қосуда айтылған ұсыныстардың дені БҰҰ әділ, әрі мінсіз жұмыс істеуіне бағытталды. Бұл жаһандық ынтымақтастықтың нышаны ретінде қызмет ететін ұйымның соңғы жылдары елеулі қиындықтарға тап болып отырғандығын көрсетеді. Отандық сарапшылар БҰҰ қызметінің ахуалы жайында және орта державалардың артып келе жатқан рөлі туралы өз пікірлерін білдірді.
Саясаттанушы Жомарт Сімтіков, Біріккен Ұлттар ұйымына жаңа импульс беру керек деп санайды.
-«БҰҰ реформалау қажет деген мәселе жыл сайын көтеріліп тұратынын аңғарып жүрміз. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында айтылмаса да кейінгі жиырма жылдықта осы ұйымның жүйесін реформалау тақырыбы жиі көтеріліп жатыр. Себебі ірі державалар бейбітшілік пен тұрақтылықты толық сақтай алмай отыр. Олардың ымыраластыққа келе алмауының кесірінен Қауіпсіздік Кеңесі тығырыққа тірелді. Бұл бүгін таңдағы әлемдік ірі державалардың ықпалының түсіп кеткендігін байқатады. Таяу Шығыстағы күресте, Батыс жақтағы, әсіресе Ресей мемлекетінің басқа елдермен қақтығыстары және өзінің метрополиясында болып жатқан кикілжіңдерге байланысты бұл мәселе орынды көтерілді деп санаймын. Осы уақытқа дейін ықпал етіп келген мемлекеттердің осы аталған мәслелерді реттеуге ықпалы болмай қалғаны рас. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевың ұсыныс өте орынды болып табылады. Ол кісі өзі БҰҰ-да жұмыс істеп көрген, тәжірибесі мол болғандықтан орта держава мемлекеттерді араластыру қажеттігін айтып отыр. Оның үстіне Қазақстан орта держава ретінде Орталық Азияда ықпалы зор, сондықтан да әлемдік деңгейде Қазақстанның өзін көрсете алатын мүмкіндігі бар.
Жомарт Сімтіковтің пікірінше, Қазақстан Ресбуликасы - Орталық Азия мемлекеттері арасында өзінің сыртқы саясатының үйлесімді жолға түскендігімен ерекшеленеді. Қазақстан Республикасының Орталық Азия мемлекеттері ішінде экономика, әлеуметтік, саяси жағынан ықпалы басым.
- «Сонымен қатар Қазақстан әлемде бейбітшілік орнатуда үлкен еңбек сіңірді, сондықтан да көршілес мемлекеттермен ымыраластықты реттеуде әжептәуір салмағы бар деп санаймын. Енді Қазақстан геосаяси стратегиялық бағытта әлемдік масштабта өзінің орнын көрсете алуы мүмкін. Орта держава ұғымына келсек, бұл геосаяси процестерді реттеуде соңғы кезде шыққан терминдердің бірі. Бұл термин әлемдік аренада экономика, саяси тұрғыда маңызды рөл атқаратын мемлекеттер дегенді білдіреді. Болашақта БҰҰ реформалауда осы орта державалардың рөлі мен орны, жалпы әлемдік дамудың барысын, ғаламдану процесіндегі орнын үйлестіруде мән-маңызы арта түседі деп санаймын. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымына жаңа импульс керек.
Айта кетелік, БҰҰ 1945 жылы құрылды. Бүгінде 190-нан астам мемлекеттерін басын біріктіріп отырған ұйымның басты мақсаты - адамзаттың жалпы мүддесі үшін оң шешімдер қабылдау, халықаралық ынтымақтастықты нығайту, жаһандық проблемаларды шешу. Қазір елімізде БҰҰ-ның 20 дан астам салалық агенттігі жұмыс істейді. Үкіметтік емес ұйымдармен, жергілікті атқару органдарының қолдауымен әлеумет, экономика, мәдениет, экология, білім, ғылым салаларында түрлі жобаларды жүзеге асыруда. Атап айтсақ, БҰҰ агенттіктері әйелдер мен балалар мәселелері, әлеуметтік теңсіздікті жою, экономика, әлеуметтік институттарды дамыту, табиғи ресурстарды басқару және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғау, шетелден келген босқындар және басқа да проблемаларды реттеуге үлес қосады.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымовтың айтуынша, орта державалардың арасында белсенді болу арқылы біз ішкі ахуалымызды да жақсара түспек.
- «Халықаралық саясатта Қазақстанның қазір өзіндік орны бар, бұл істі біздің мемлекет тәуелсіздік алған күннен бастап қолға алғаны рас және бұл өзінің оң нәтижесін беріп жатыр. Жылдар бойы сыртқы саясатта атқарылған әрбір жұмыс ішкі саясатқа, яғни мемлекеттік ішкі жай-күйіне де оң әсерін тигізеді. Қазіргі уақытта орта держава ретінде халықаралық аренадағы рөліміз де нығайып келеді. Халықаралық қатынастар, әрбір іссапар, әрбір жиын жаңа инвестицияның тартылуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, еліміздің қауіпсіздігіміздің артуына үлес қосады. Орта державалардың қатарына қосылып, белсенді қызмет атқарғанның арқасында біз экономиканы да, халықаралық аренадағы орнымызды да жылдам дамытуға мүмкіндік алып отырмыз. Соның арқасында біздің тауар айналымымыз, жалпы ішкі өніміміз өсіп жатыр», - деп пайымдады саясаттанушы.
Жақында Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ұйытқы болуымен Елордада өткен «Astana Think Tank Forum» жиынында шетелден келген сарапшылар бүгін жаһандық жағдайда орта державалардың стратегиялық және дипломатиялық рөлін талқылады. «Өзгермелі жаһандық тәртіптегі орта державалар: қауіпсіздікті, тұрақтылықты және орнықты дамуды нығайту» деп аталатын форумға 22 елден 45 сарапшы мен дипломат қатысты. Халықаралық сарапшылар жаһандық энергетикалық қауіпсіздік, сауда-саттық, көлік дәліздері және БҰҰ жайы мен әлемдік ахуал, Қазақстанның орта держава ретіндегі мән-маңызы туралы өз ой-пікірлерін білдірді. Басқосу нәтижесі бойынша отандық және шетелдік мамандар орта державалардың консорциумын құруды ұсынды. Әлем елдерінің жік-жікке бөлінуі асқынып, халықаралық ұйымдардың абырой-атағы бәсеңдеп бара жатқан кезеңде бұл пікірді Мемлекет басшысы да құптап отыр. Қазақ елінің әлемдік қауымдастықта беделді мүшеге айналғанына шетелдік мамандар жоғары баға берді. Айта кетелік, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанның бастамасы бойынша 2026 жылды халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Бұл волонтерлар қозғалысын жаһандық деңгейде дамытуға серпін береді деп санайды сарапшылар.
Меруерт Райым
10.12.2024 Ақпарат көзі: adyrna.kz |