қазақша · русский · english
   
  Main  News
25.11.2024

Абай университеті Гонконг Қытай университетімен ынтымақтастықты нығайтуда


2024 жылдың 22 қарашасында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Болат Тілеп Гонконг Қытай университетінің (CUHK) өкілдерімен кездесті. Басқосу CUHK білім беру факультетінің базасында ҚазҰПУ ректоры мен білім беру факультетінің деканы, профессор Fan Xitao және білім беру басқармасы кафедрасының меңгерушісі, сондай-ақ CUHK университеттері мен мектептері серіктестік орталығының директоры, профессор Cheung Chi-keung Ala-мен арасында өтті.

 

Гонконг Қытай университеті (CUHK) - білім беру, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар, сондай-ақ озық технологиялар саласындағы мықты позицияларымен танымал. Университеттің халықаралық ынтымақтастық пен инновациялық зерттеулерде тәжірибесі мол. Times Higher Education (THE) рейтингінде CUHK 44 - орынды, QS World University Rankings рейтингінде 36-орынды, QS WUR Ranking by Subject-8-орынды, Гонконг университеттері арасында 1-орынды иеленді. 

 

Кездесу барысында тараптар ҚазҰПУ мен CUHK арасындағы жемісті ынтымақтастық туралы келісімге келді. Қос тарап арасындағы келісім негізіндегі бірінші қадам - студенттер, магистранттар мен докторанттар үшін бірлескен жазғы мектептерді ұйымдастыру және өткізу болмақ. Бұл екі елдің студенттеріне тәжірибе алмасуға, ой-өрісін кеңейтуге және халықаралық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.

 

Алдағы уақытта бірнеше перспективалы бағыттарда ынтымақтастықты кеңейту жоспарлануда:
1. Білім берудегі жасанды интеллект: жасанды интеллектті қолдануға негізделген инновациялық білім беру технологияларын бірлесіп зерттеу және дамыту. Бұл білім беру процесінің тиімділігін арттыру үшін оқытудың жаңа әдістері мен құралдарын әзірлеуді қамтиды.
2. Докторанттардың бірлескен зерттеулері: екі университеттің докторанттарына бірегей тәжірибе алуға және ғылыми көкжиектерді кеңейтуге мүмкіндік беретін бірлескен зерттеулер жүргізуге жағдай жасау.
3. Оқытушылардың біліктілігін арттыру: университеттер арасында тәжірибе және үздік тәжірибелермен алмасу, оқытушылар үшін бірлескен біліктілікті арттыру бағдарламаларын әзірлеу.
4. Қос диплом бағдарламалары: ұзақ мерзімді перспективада студенттерге екі университеттің де дипломдарын алуға мүмкіндік беретін, сол арқылы олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын бірлескен қос диплом бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру жоспарлануда.

 

Кездесу ҚазҰПУ үшін халықаралық ынтымақтастықты дамытуда маңызды қадамға айналып, білім беру саласында тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндіктер ашты. Алдағы уақытта жүзеге асырылатын бірлескен жобалар еліміздегі ғылым мен білім сапасын арттыруға айтарлықтай үлес қосады деп күтілуде.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=