қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
20.11.2024

Абай мұрасын дәріптейтін жаңа орталық ашылды

 

                

 

Абай университетінің бастамасымен Абай атындағы ғылыми-мәдени орталық ашылды.

 

2024 жылдың 19 қарашасында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бастамасымен Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы базасында Абай атындағы ғылыми-мәдени орталықтың салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды aqshamnews.kz.

 

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары мен жетекші ғалымдары, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, Абай облысы әкімдігі мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

 

Орталықты ашудың негізгі мақсаты - Абай университеті, «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі және «Абайтану академиясы» ғылыми-зерттеу институты арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Бұл бастама Абайдың шетелдегі орталықтарымен байланысын кеңейтіп, ұлы ойшылдың мұрасын жастар арасында насихаттаудың жаңашыл тәсілдерін енгізу алаңына айналуға бағытталған. Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасын ғылыми-әдістемелік тұрғыдан насихаттау, оның шығармалары арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеу ерекше назарда болды.

 

Орталық қазіргі жаһандану жағдайында мәдени, оқу-ағарту және ғылыми жұмыстар үшін заманауи музейдің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға бағытталған. Бұл музейге келушілердің қатарын арттырудың жаңа жолдарын іздеуге, өлкетану бағытындағы мәдени туризмді дамытуға, сондай-ақ музей мен университет арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етпек.

 

Іс-шара барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хаты оқылды. Хатта Абай мұрасын зерделеу, дәріптеу және насихаттаудың негізгі алаңы ретінде орталықтың маңыздылығы ерекше атап өтілді.

 

Абай университетінің ректоры Болат Тілеп орталықтың ашылуының маңыздылығынатап өтіп, ұлы ойшылдың мұрасын республикалық және халықаралық деңгейде насихаттауға арналған бастамалар туралы баяндады:

 

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ойшыл, ұлттық руханияттың темірқазығы атанған Абай Құнанбайұлының шығармашылығын кеңінен насихаттауға ерекше көңіл бөлуде. Абайдың «Толық адам» ілімі жастарды тәрбиелеуде маңызды бағдар болса, оның мұраларын ұлықтау және насихаттау жауапкершілігі оның есімімен аталатын мәдениет, өнер және білім беру мекемелеріне жүктеледі. Ұлы Абай ғұмыр кешкен, қызмет еткен киелі өлкеде орналасқан «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының базасында ғылыми-мәдени орталық ашу біз үшін үлкен мәртебе», - деді ол.

 

Орталықтың ашылуы аясында Абай университетінің абайтанушы ғалымдары Семей қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы университеттің ұжымымен кездесулер өткізді. Студенттер үшін Абай философиясы, шығармашылығы мен іліміне арналған ашық дәрістер ұйымдастырылды.

 

Орталықтың ашылуы ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының мұрасын насихаттауға бағытталған маңызды қадам болды. Бұл бастама мәдениет пен білім беру саласында ілгерілеудің, ұлт руханиятын жаңа деңгейге көтерудің жарқын көрінісі болып табылады.

 

20.11.2024

Ақпарат көзі: aqshamnews.kz