қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
19.11.2024

Интерактивті сайт

 

                

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті биология факультетінің 3-курс студенті Камила Мереке мен Гамбург университетінде тағылымдамадан өтіп жатқан Яна Филатова Алматы хайуанаттар бағына арналған сайт әзірледі.

 

Тоқсан жылға жуық тарихы бар хайуанаттар бағында жан-жа­нуарлардың 300-ден астам түрі тіршілік етіп жатыр. Бүгінде олар­дың саны 3 мыңнан асады.

 

«Алматы хайуанаттар бағын ме­­кен­дейтін жануарлар туралы сайт әзір­леу жайындағы жоспарымыз омырт­қалы­лар зоологиясы бойынша дәріс­тердің бі­рінде туындады. Ресурсты қол­ға алмас бұрын, сараптама жұ­мы­сын жүргіздік. Сол кезде хайуанат­тар бағының бай тарихы мен онда ме­кен­дейтін жануарлар туралы кең мәлі­мет беретін ақпарат­тың жоқтығына көз жеткіздік. Жоспары­мыз­ды әбден жетіл­діріп алғаннан кейін биология кафед­расының доценті Күміс Батырованың жетекшілігімен сайт әзір­леу туралы тоқ­тамға келдік. Жетекші­міз ақпарат­ты пайдаланушылардың әр­түрлі жас санаттары үшін түсінікті және ­қол­жетімді болатындай етіп сайтты жетіл­діруге көмектесті. Бұл, әсіресе білім ресурс­тары үшін маңызды бола­тын. Рес­урс тақырыптық бөлімдерге бөлін­ген. Онда жыртқыш құстар, примат­тар, экзо­тариум, тұяқтылар, жыртқыш ­сүт­қо­рек­тілер сияқты жануарлардың жеке топтарына арналған бөлімдер бар. Сайт қазіргі кезде тіршілік ету ортасы, таралу аймағы, мінез-құлық ерек­ше­лік­тері және әр жануарға, құстарға қа­тыс­ты қызықты фактілермен толықтыры­лып жатыр. Суда, құрлықта мекендей­тін ­әр­бір тіршілік иесінің экожүйедегі ­рөлі, табиғаттағы рөліне қатысты барынша ақпарат берілген. Мысалы, әлемде жырт­қыш құстардың 250-ден астам түрі бол­са, олардың 39-ы Қазақстан аума­ғын мекен етеді. Құстардың 33 түрі еліміз аумағында жұмыртқа салып, көбейетін болса, 16-сы Қызыл кітапқа енген», дейді сайт әзірлеушілерінің бірі Камила Мереке https://almatyzoo.wixsait.com/almatyzoo.

 

Сайт биолог мамандарды даярлауда оқу бағдарламаларын тиімді үйлестіруге болатын білім беру ресурсы бағытын да ұстанады. Коллекциялық материалды зоология, жануарлар экологиясы, биогеография, тіршілік ортасына қатысты ақпаратты зерттеуде пайдалануға бола­ды. Қазіргі кезде хайуанаттар бағын мекен ететін жан-жануарлар, құстар тір­­ші­лігі студенттер, мектеп оқушылары және табиғат әуесқойлары үшін де өте қы­зықты ақпараттармен толығып жатыр.

 

«Сайтты әзірлеу барысында хайуанаттар бағы туралы көзқарасымыз тү­бегейлі өзгерді. Бұрын хайуанаттар ба­ғын ойын-сауық пен демалыс орны деп қабылдап келсек, кеңейтілген ақпарат алғаннан кейін биоәртүрлілікті сақтау мен қорғауда біз біле бермейтін ауқым­ды жұмыстардың істеліп жатқаны­на көз жеткіздік. Жұмыстың ең қызық­ты кезеңі хайуанаттар бағына бару және оның қызметкерлерімен пікірлесу болды. Бұл жай ғана экскурсия емес, хайуанаттар бағының мамандарымен кеңесіп, әр жануар туралы ақпарат қорын жинақтауға мүмкіндік алдық. Әсіресе мәтіндермен көп жұмыс істеуге, күрделі терминдерді жеңілдетуге және түсініктеме қосуға тура келді. Сондай-ақ әрбір түр туралы деректерді іздеу, сирек кездесетін жануарлар туралы ақпа­раттарды жаңартып отыруда көп ізденіске жол ашты», дейді Яна Филатова.

 

Сайтты дамыта отырып, хайуанат­тар бағына жаңадан әкелінген жануар­лар, құстар жайында ақпарат қосуды жос­парлап отырған жұмыс тобы интер­ак­тивтілігін арттырып, хайуанаттар бағына виртуалды турлар, қызықты нұсқау­лықтар қосуды ойластырып жатыр.

 

АЛМАТЫ

 

19.11.2024

Ақпарат көзі: egemen.kz