Main /
Mass media about us
19.11.2024 Семейде «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығында Абай атындағы ғылыми-мәдени орталық ашылды
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бастамасымен Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы базасында Абай атындағы ғылыми-мәдени орталықтың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ғылыми-әдістемелік орталықты ашудың мақсаты - Абай университеті, «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі және «Абайтану академиясы» ғылыми-зерттеу институты арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Бұл Абайдың шетелдегі орталықтарымен байланысын кеңейтіп, ұлы ойшылдың мұрасын жастар арасында насихаттаудың жаңашыл тәсілдерін енгізу алаңына айналады. Абайдың ілімі мен оның «Толық адам» тұжырымдамасын ғылыми-әдістемелік тұрғыдан насихаттауға, оның шығармалары арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінеді.
Орталық жаһандану жағдайында ерекше маңызды болып табылатын оқу-ағарту, ғылыми және мәдени жұмыстар үшін заманауи музейдің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға бағытталған. Бұл музейге келушілердің қатарын арттырудың жаңа жолдарын іздеуге, өлкетану бағытындағы мәдени туризмді дамытуға, сондай-ақ музей мен университет арасындағы ғылыми-ынтымақтастық байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Іс-шара барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хаты оқылып, онда Абай мұрасын зерделеу, дәріптеу және насихаттаудың негізгі алаңы ретінде орталықты құрудың маңыздылығы атап өтілді.
Ректор Болат Тілеп Абай орталығының ашылуының маңыздылығын айта келе, ұлы ойшылдың мұрасын республикалық және халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға бағытталған негізгі бастамаларға жан-жақты тоқталды.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ойшыл, ұлттық руханияттың темірқазығы атанған Абай Құнанбайұлының шығармашылығын кеңінен насихаттауға ерекше көңіл бөлуде. Абайдың «Толық адам» ілімі жастарды тәрбиелеуде маңызды бағдар болса, оның мұраларын ұлықтау және насихаттау жауапкершілігі оның есімімен аталатын мәдениет, өнер және білім беру мекемелеріне жүктеледі. Ұлы Абай ғұмыр кешкен, қызмет еткен киелі өлкеде болып, осынау абыройлы миссияны арқау еткен «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының базасында Ғылыми-мәдени орталық ашу біз үшін үлкен мәртебе», - деді Абай университетінің ректоры.
Орталықтың ашылуы аясында Абай университетінің абайтанушы ғалымдары Семей қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы университет ұжымымен кездесулер өткізді. Студенттер үшін Абай философиясы, шығармашылығы мен іліміне арналған ашық дәрістер ұйымдастырылды.
19.11.2024 Ақпарат көзі: turkystan.kz |