Main /
Mass media about us
19.01.2018
Бекен Ыбырайым. Виртуалды кеңістік тұтқыны немесе ұрпақты өз діліне қалай қайтарамыз?
Балаларға арналған шығармаларға қойылатын талаптар белгілі. Бір қарағанда, оп-оңай секілді. Атап айтқанда, балалардың жас ерекшелігін ескеруі, демек, әр жастағы балалардың ұғымына сай болуы - алғашқы, ең негізгі шарт.
Біздегі балалар поэзиясының ең негізгі кемшілігі - осы шартқа толық жауап бере алмауында. Айталық, 2, 3, 4, 5 жастағы балалардың ұғымында, көркемдік қабылдауында өзгешеліктер бары шексіз. Алайда балаларға ұсынылған бір өлеңнің өзінде әр жастағыларға арналған жолдар, шумақтар ретсіз араласып, жосықсыз жарысып жүреді. Соның салдарынан нақты кімге арналғаны бұлдыр дүниелер ересектің көзімен қарағанда, жап-жатық, мазмұны қажет, идеясы айқын көрінгенімен, балдырғанға қызықсыз, күлдібадамға айналады.
Балалардың айтуына оңай, тілге жеңіл болмаса, жатталмайды. Ал жаттау үшін ойнақылығымен, суреттілігімен, әуезділігімен қызықтыру қажет. Қызықтыру көркемдігіне тікелей қатысты. Әлбетте, «балалар жазушысы болып туу керек». Ересектерге арналған әдебиетпен салыстырғанда, балалар әдебиетінің жанрларында өзіндік жаңалықтар да бар.
Сөз арасында айта кетейін, кезінде балаларға арналған шығармалар үшін жарияланған, сонымен бірге жалпы әдебиетке арналған конкурстарға қазылар алқасына мүшелікке әлденеше рет шақырылдым. Конкурсқа қатысқан шығармаларды оқи бастағанда-ақ, авторлар немесе олар үшін басқалар телефон шала бастайды. Олардың сөзін жерге тастай алмаймын, бірақ соның салдарынан басқа шығармаға обал жасауым мүмкін. Сол себепті телефон соғылса, үнемі бас тартамын. Көзім жеткені - бәйге алуға немесе бас жүлде, бірінші жүлдені алуға лайықсыз туындылардың «үздік» аталуы, нағыз үздіктің ілуде бір ұшырасатыны. Соңғы бірнеше жыл (бұрын да солай болған кездер аз емес) бойы кімнің қалай «озып» шыққанын естіп-біліп отырмыз.
Рас, озық шығармалар күнде немесе жылда дүниеге келе бермейді. Оның үстіне, әсіресе, бөбектерге, балдырғандарға арналған туындылар жазу - қиынның-қиыны. Қандай қызық, «мықты» шығарма болса да, балдырғанды 1-2 минуттан артық «ұстап» тұру мүмкін емес. Күштеп, қорқытып назарын аударса да, санасына сіңбей, сырғанап кете береді. Сансыз салбөксе санамақтар, елең еткізбейтін, шұбатылып бітпейтін өлең-әліппелер, құрғақ уағыз, қызықсыз, ойтаныс, көзтаныс сәттер ығыр қылады. Соларды қарайтын, қадағалайтын, тым құрыса бір ауыз ләм дейтін, балалар басылымдарында не жарияланып жатқанын байыптап, түсініп талдай алатын сын жоқ.
Бұл орайда әдебиетіміздің дарынды тұлғаларының балаларға арнап, шығармалар жазу тәжірибесі еске түседі. Кезінде М.Әуезов, М.Дулатов, Б.Майлин, С.Мұқанов, С.Дөнентаев, т.б. одан кейін Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағамбетов, Ғ.Орманов, Қ.Аманжолов, т.б. оларға ілесе, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, М.Мақатаев, т.б. жеткіншектер, балдырғандар үшін қалам тартқаны мәлім. Бәлкім, мұның бір себебі, әсіресе, балаларға лайықты өлең, әңгімелердің мүлдем жеткіліксіз екенін біліп назар аударғандықтан шығар.
Балалар әдебиеті - мемлекеттік идеологияны, отаншылдық рухты қалыптастырудың, нығайтудың ең қажетті, ең алғашқы баспалдағы. Баланың ділі қалай қалыптасса, ұлт, халық болашақта белгілі бір дәрежеде солай бейімделетіні дүниежүзілік тарихи тәжірибеде дәлелденген. Мәселен, жапондық ғажайып отаншылдықтың бастауы - баланың рухына пәрменді әсер ету тиімділігінде. Оларда он жасқа дейін тек өз тілінде оқытады. Он жастан кейін ғана, онда да мектепте емес, мектептен тыс, әр ата-ана өзінің немесе баласының қалауымен өзге тілді немесе тілдерді оқытады. Он жасқа дейін баланың, сол арқылы ұлттың - халықтың ділі қалыптасады. Өкініштісі, осы мәселе, осы шындық бізде айрықша ескеріліп, негізгі шамшыраққа айналмауы себепті балалар әдебиетіне жеткілікті көңіл бөлінбейді. Әр кезде талап нышандары көрінгенімен, науқандық, уақытша шаралар шаңында қалып қояды.
Сонымен бірге Білім және ғылым министрлігі бұл мәселеге әлі күнге тиісінше назар аудармай келеді. Балалар әдебиеті жанрларын, тарихи кезеңдерін, көркемдік құбылыстарын, поэтикасын, жалпы шеберлік сипаттарын саралаған зерттеулер жоққа тән. Бармақ басты, көз қыстымен әлдеқалай шығып қалған оқу құралдарынан аздап мағлұматымыз бар. Бірақ, ол - бөлек әңгіменің арқауы.
Балалар әдебиетінің мүлдем өшіп қалмай, өмір сүруіне мүмкіндігінше үлес қосып отырған - балалар басылымдары. Олардың ішінде ең лайықтысы, ең тартымдысы - «Балдырған» журналы. Бұл журнал болмаса, балаларға не ұсынарымызды білмей, дағдарып қалар едік. Алайда журналға материалдық қолдау байқауымызша, көңіл көншітпейді. Дарынды ақын-жазушыларды жан-жақты ынталандырмайынша, сол басылымдарға атсалысатын қаламгерлер қашанда жетпейді.
Бұл орайда, балалар драматургиясы туралы да айта кетсек, авторлардың жетпейтінін тағы да амалсыз еске аласыз. Бір кезде І.Жансүгіровтен бастап, басқа да біраз белгілі қаламгерлер пьесалар жазғанымен, сахнада тұрақтап қала алмады. Бүгінде тәжірибелі, белгілі драматургтеріміздің балаларға арналған пьесалар жазбауының өзіндік себептері барын білеміз. Ендеше мемлекеттік деңгейде жыл сайын немесе жыл аралатып, балалар әдебиетінің барлық жанрларын, жас ерекшелігін ескеретін конкурстар өткізу - уақыт талабы.
Бұл талап үдесінен шыға алмасақ, балдырғандарымыз басқалардың жетегінде кетеді. Мәселен, «Маша мен аю», «Фиксики» секілді мультфильмдер сериясын күнде телефон, планшет арқылы интернеттен көріп, тамақ ішуді ұмытатын балдырғандардың бетін әдебиетке бұру өте қиын. Виртуалды кеңістік балалардың санасына, көркемдік қабылдауына орасан зор әсер етіп отыр. Өткен ғасырдың ортасынан асқанда-ақ, жапондар «теледидардың алдында өскен ұрпақта жапондық сезім, отаншылдық рух қалай болады?» деп мемлекеттік деңгейде мәселе көтерген. Ал біз үндемейміз, сөйтіп бүгінгі тіршілігімізді, болашағымызды басқалардың тізгініне беріп, бөтеннің аузына қарап отырмыз. Ресейде «Маша мен аю» мультфильмі «балаларға зиян, зиян емес» деген екі ұдай пікір таласы жүріп, ақыры кейінгісіне тоқталды. Виртуалды кеңістік өзге бір елдің, ұлттың құндылықтарын, тіршілігін танытатын, сол арқылы санаға орнықтыратынын, сол арқылы өзіне тартып бейімдейтінін, өз ата-анасынан, Отанынан алыстатуға күш салатынын бүгінгі әлемдік тәжірибе әбден дәлелдеп берді.
Ютубтан (YouTube), Гуглдан (Google), Яндекстен (Yandex) шықпайтын балаларды өз жерімізде отырып, өз еліне «қайтару» күн тәртібіндегі көкейтесті мәселеге айналды. Тығырықтан шығу жолдарын іздеу - мемлекеттің міндеті, әр қаламгердің азаматтық парызы. Айдың, күннің аманында көзімізді жұмып алып, балаларымызды виртуалды кеңістіктің тұтқынына жібермей, жарқын, шын өмірдің жайсаң, жалынды азаматы болып өсуіне бар күш-жігерді жұмсамасақ, күндердің күнінде бармағымызды тістеп, өкініштен өзегіміз өртенбесіне кім кепіл?!
Авторы: Бекен Ыбырайым, Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы «Авторлық ауызша әдебиет» ғылыми орталығының директоры 19.01.2018 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz |