Абай университетінің ректоры Сорбонна-Қазақстан институтының студенттерімен кездесті
2024 жылдың 5 қарашасында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Болат Тілеп Сорбонна-Қазақстан институтының студенттерімен ашық диалог форматында кездесу өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты университет қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және басшылық пен студенттер арасындағы байланысты нығайту болды.
Кездесу барысында университеттің оқу үдерісін цифрландыру және «Univer» жүйесін жетілдірудің негізгі мәселелері талқыланды. Студенттік өзін-өзі басқаруды дамытуға, инфрақұрылымды нығайтуға, шығармашылық бастамаларды қолдауға және студенттердің шет тілін меңгеру деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ университет түлектерінің магистратура мен докторантурада үздіксіз білім алу перспективалары қарастырылды. Студенттер мамандығының ерекшеліктерін ескере отырып, халықаралық ұйымдарда жұмыс тәжірибесін жетілдіру бойынша ұсыныстарымен бөлісті. Олар Лотарингия университетінің (Франция) білім беру бағдарламалары мен қос дипломдық бағдарламалары туралы сұрақтар қойып, жан-жақты жауаптар алды.
Ректор Болат Тілеп университеттің дамуына және тиімді оқу үдерісін қалыптастыруға студенттердің белсенді қатысуының маңыздылығына тоқталып, цифрлық университет мәртебесін алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ректор студенттерді өз мүдделері мен қажеттіліктеріне бағытталған білім беру ортасын құру үшін өз ұсыныстарымен белсенді түрде бөлісуге шақырды. Сондай-ақ университет басшысы жаңа білім мен мүмкіндіктерді тиімді қолдана отырып, бәсекеге қабілетті маман болуға ұмтылудың маңыздылығын атап өтті.
Ашық форматтағы кездесу нәтижелі өтті.